388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылық акробатшы небәрі 19 жаста әлем чемпионы атанған

  • 824
  • UPD: 19:38, 23.02.2019

Қарағандылық Никита Амоскин небәрі 19 жасында спорттық акробатикадан әлем чемпионы атанған. Топжарған талант еліміздің «100 жаңа есім» жобасына еніп, жақында Елбасымен кездесті. Жарқын жүздесу Никитаға жаңа белестерді бағындыруға шабыт беріп, қанаттандырған екен. Оның ендігі арманы Олимпиада шыңына шығу.

Бұл Никита мен оның спорттағы жұбы Анастасияның Бельгияда өткен әлем чемпионатында көрсеткен өнері. Дәл осы байрақты бәсекеде қос саңлақ алтыннан алқа тағып, көк байрағымызды көкте желбіреткен еді.

Никита Амоскин, спорттық акробатикадан әлем чемпионы:

- Спорттық акробатикаға бала кезден аңсарым ауды. Кейін жаттығуға жазылып, тынбай дайындалдым. Әрине кез келген жетістікке тек табанды еңбекпен ғана жетесің. Қиындықтан қорықпау керек. Мұны бізге кездесуде Елбасы да айтты, шабыт берді. Алдымызда әлі бағындырар белес көп.

Никита спорттық акробатикаға 9 жасында келген. Оның алғашқы аяқалысын, талпынысын жаттықтырушылар бірден байқаған. Төзімді, еңбекқор, нағыз спортшыға тән қасиеттер Нититаның бойынан табылады дейді олар. Соның арқасында жас талант 10 жылда халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып, Азия біріншілігін екі мәрте бағындырды. Кейін ел чемпионатында жеңіске жетті.

Ботакөз Байбақұшева, жаттықтырушы:

- Никита келген бойда дайындық тобында жүрді. Өте ұстамды, мойымайтын мінезді бала. Тынымсыз еңбектің арқасында ол аз жылда осындай жетістіктерге жетті. Оның болашағынан зор үміт күтеміз, спорттағы бағындырар биігі әлі алда.

Никита отбасындағы екі баланың кенжесі. Қазір Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетінің екінші курсында оқиды. Оның ендігі арманы Олимп шыңын бағындыру. Қазір жаттығуды күшейткен.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы