378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мадридте «Реал» мен «Барселона» өзара мықтыны анықтайды

  • 276
  • UPD: 09:56, 27.02.2019
Мадридте «Реал» мен «Барселона» өзара мықтыны анықтайды

Қазақстандық спортшы Елизавета Король нысана көздеуден әлем кубогы кезеңінде қола жүлдегер атанды.

Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан мергендер сайысында жерлесіміз 50 метрлік қашықтыққа мылтық атудан жүлде алды. Елизавета жалпы есепте 1171 ұпай жинап, Қазақстан рекордтын да жаңартты.

Хоккей: «Барыс» – «Торпедо» – 4:1

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңін жеңіспен бастады. Нижегородтың «Торпедосын» қабылдаған елорда командасы 4:1 нәтижесімен басым түсіп, жалпы есепте алға шықты. 13-минутта қонақтар есеп ашты. Сосын «Барыс» азу көрсетіп, ойын тізгінін қолға алды. Андре Петерсон екінші кезеңде таразы басын теңестірсе, соңғы таймда Брендон Боченски мен Мэтью Фреттин белсенді. Боченски бұл кездесуде екі шайба соғып, бір мәрте командаластарына нәтижелі пас берді. «Барыс» шабуылшысы плей-офф кезеңінде мергендер көшін бастады.

Брендон Боченски, «Барыс» ХК шабуылшысы:

- Біз кездесуді аса жоғары деңгейде бастай алмадық. Жаттықтырушы плей-оффта бұлай ойнауға болмайтынын түсіндірді. Жанкүйерлердің қолдауы арқасында өз ойын өрнегімізді тауып, алға қойған жоспарларымызды іске асырдық. Лық толған арена бізге қосымша күш берді.  

«Барыс» – «Торпедо» арасындағы плей-офф бәсекесі ертең жалғасады. Сосын Андрей Скабелка шәкірттерін Нижегородта екі ойын күтіп тұр. Сырт айдындағы кездесулер 2-4-наурызда өтеді.

Андрей Скабелка, «Барыс» ХК бас бапкері:

- Кездесудің басында қиындау болды. Сырттағы ойындардан жігіттер шаршап қайта ма деген қауіп бар еді. Аздаған қобалжу да болған секілді. Гол соғатын мүмкіндіктерді жүзеге асыра алмадық. Үшінші кезеңде жылдамдықты арттырып, оңтайлы сәттер іздедік. Соның арқасында осындай есеп тіркелді. Қарсыластардың да қауіпті шабуылдары болғанын айта кетейік. Енді келесі ойынға жоспар құрамыз.  

Petropavl ITF Juniors Championship турнирі

Петропавлда алғаш рет теннистен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир ұйымдастырылды. Бұл жарысқа елімізден бөлек Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, АҚШ-тан жалпы саны 120 спортшы қатысып жатыр. Теннисші қыз-жігіттер жекелей және командалық сында сайысқа түседі. «Алғашқы жарыстың деңгейі де, қатысушылардың дайындығы да өте жоғары», – дейді ұйымдастырушылар. Жеңімпаздар апта соңында белгілі болады.

Бүгін «Реал» – «Барселона» кездесуі

Бүгін футбол жанкүйерлерінің назары Испанияға ауады. Мадридтегі «Сантьяго Бернабеу» стадионында Пиреней түбегінің қос мықтысы алаңға шығады. «Реал» мен «Барселона» ел кубогының финалдық жолдамасын сарапқа салады. Каталониядағы алғашқы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Мамандардың айтуынша, «Барселонаның» мүмкіндігі зор. Себебі, Лионель Месси нағыз бабына. Аргентиналық футболшы өткен турда «Севилья» қақпасына үш доп соғып, матч тағдырын жалғыз өзі шеше алатынын дәлелдеді. «Реал» Ла лигада «Левантені» әрең жеңді. Бірақ Эль-классикода өткен ойындар маңызды емес.

«Реал» – «Барселона» матчты Астана уақытымен түнгі екіде басталады.

Хабар 24 телеарнасы