378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Асық ату Универсиада бағдарламасына енді

  • 325
  • UPD: 13:44, 01.03.2019

Асық ату ойыны еліміздегі Универсиада бағдарламасына енді.

Астанадағы спортқа жауапты басқарма мен бұқаралық шаралар өткізу дирекциясы студенттер арасындағы жарысты ұлттық спорт түрімен толықтырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы жарысқа 6 жоғарғы оқу орнының құрамасы келіп, асық атудың блиц түрі бойынша сынға түсті. А және В тобындағы үздіктер кейін бір-бірімен кездесіп, Универсиада чемпиондарын анықтады.

Айта кеткен жөн, асық ату қазір ресми спорт түрі саналады әрі арнайы федерациясы құрылды. Жыл сайын ел чемпионаты мен кубоктары өтіп тұрады. Енді олардың қатарына студенттер арасындағы универсиада қосылды.

Ескендір Рахметов, Асық атудан Астана қаласының аға жаттықтырушысы:

- Енді аяқққа тұрып келе жатқан спорт қой. Биыл жастар жылына байланысты осы жарысты ұйымдастырып отырмыз. Асықты 6 жастан 60 жасқа дейінгі кез-келген адам ойнай алады. Ежелден келе жатқан ұлттық ойынымыз.

 

Хоккей: «Барыс» - «Торпедо» 5:4

«Барыс» плей-офф кезеңіндегі екінші кездесуде 0:4 есебімен ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды. Астанада «Торпедомен» айдынға шыққан елорда хоккейшілері овертаймда басым түсті. Қатарынан үш шайба жіберген соң «Барыс» қақпашыларды ауыстырды. Хенрик Карлсонның орынына Доминик Граховина шықты. Екінші кезеңде Антон Сагадеев пен Дмитрий Шевченко мергендік танытса, шешуші үшінші таймда Даррен Диц есеп айырмасын қысқартты. Соңғы минутта Мэтью Фреттин таразы басын теңестірді. Овертаймда Роман Старченко «Барысқа» жеңіс сыйлады.

Антон Сагадеев, «Барыс» ХК шабуылшысы:

- Ойын басында 4 шайба жіберіп, келеңсіздікке тап болдық. Бірақ біз бір-біріміге сенеміз. Өз хоккейімізді ойнай бердік. Тек матч басында ойынымыз жүрмеді. Жанкүйерлер керемет қолдау көрсетті. Лық толған стадионда ойнау тамаша әсер сыйлады. Овертаймда солардың арқасында жеңіске жеттік. Жанкүйерлер бізге күш берді.

Жалпы есепте 2:0 нәтижесімен алға шыққан «Барыс» енді Нижний Новгородқа барады. «Торпедо» айдынындағы екі кездесу 2-4- наурызда өтеді.

 

«Қызылжар» футболшылары Түркияда жаттығып жүр

«Қызылжар» футболшылары биыл премьер-лигаға шығуды мақсат санайды. Ай бойы Анадолыда тер төккен петропавлдық аяқдопшылар бірнеше жолдастық кездесу өткізді. Келесі сынақ ертеңге белгіленген. «Қызылжар» Мәскеу «Локомотивінің» жастарымен кездеседі. Мұның алдында Фаррер аралдарының он дүркін чемпионы «ХБ Торсхавнымен» жасыл алаңға шыққан Әли Әлиевтің шәкірттері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Матчтағы жалғыз голды Артем Черединов соқты. Команда сапында жергілікті ойыншылар бар. Максим Скорых, Дмитрий Савченко секілді талантты футболшыларға бас бапкер сенім артады. Уорш Делич, Максим Драченко, Шота Григалашвили сынды шеберлерге де артылар жауапкершілік зор. Команда капитаны Ильдар Аитов биылғы маусымда жергілікті жанкүйер сүйсінетіндей ойын өрнегін көрсетуге ұмтыламыз депті. Бас бапкердің мақсаты айқын.

Әли Әлиев, «Қызыл-жар» командасының бас бапкері:

Облыс басшылығы премьер-лигаға шығу туралы міндет қойып отыр. Команданы жасақтау жалпы алғанда 90% дайын. Енді бір-екі позиция бойынша команданы күшейту керек. Қазір тәжірибелі футболшылардың қатарына жастар қосылды. 2 наурызда «Локомотивтің» қосалқы командасымен сосын Беларусьтің «Гомелімен» ойнаймыз. Соңғысы тісқаққан тәжірибелі қарсылас. Осы ойында біздің дайындықтың деңгейі сынға түседі. Команданың қарымын байқаймыз. Басқа елдің командаларымен кездесу жас футболшыларға жақсы тәжірибе болмақ.

 

«Фулхэм» бас бапкерді қызметінен босатты

«Фулхэм» командасының бас бапкері Клаудио Раньери қызметінен кетті. Лондон клубының уақытша жаттықтырушысы болып Скотт Паркер тағайындалды. Раньери «Фулхэмнің» тізгінін 2018 жылдың қарашасында ұстаған еді. Италиялық маман да команданы қиын жағдайдан шығара алмады. 17 ойында үш рет қана жеңіске жеткен команда премьер-лигада 19-шы орында қалып қойды. Соңғы турда «Фулхэм» «Саутгемптоннан» 0:2 есебімен ұтылып, жеңілістер сериясын жалғастырды.

Хабар 24 телеарнасы