389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Токио олимпиадасының билеттері 14 маусымда сатылымға шығады

  • 395
  • UPD: 12:45, 13.03.2019
Токио олимпиадасының билеттері 14 маусымда сатылымға шығады Газета.Ру

Ресейдің Красноярск қаласында бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындары аяқталды.

Жарыстың соңғы күні шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Канадамен үшінші орынға таласып, 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Еліміздің спортшылары студенттер арасындағы кешенді сында 4 күміс 3 қола медаль ұтып, жалпы командалық бейресми есепте 17-орынға ие болды.

Бокстан әйелдер арасындағы халықаралық турнир

Астанада әйелдер арасындағы бокстан халықаралық турнир басталды. Марина Вольнова атындағы дәстүрлі додаға биыл Ресей, Украина, Қырғыз Республикасы және Моңғолиядан бұрымды боксшылар жиналды. Еліміздің атынан ұлттық құрама үздіктері сынға түседі. Былғары қолғап киген қыздар 5 күн бойы 10 салмақтың мықтысын анықтайды. Қазақстан қыздары арасында олимпиаданың алғашқы жүлдегері атанған Марина Вольнова атындағы халықаралық жарыс былтыр Щучинск қаласында өткен болатын. Енді оны Астанадағы спортқа жауапты басқарма мен бұқаралық шаралар өткізу дирекциясы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырмақ.

Бақтияр Артаев, бокстан олимпиада чемпионы:

– Кішігірім әлем кубогы деп айтса да болады. Өйткені бірінші құрамалар келіп жатыр. Рингтегі қыздардың деңгейі өте жоғары. Араларында екі дүркін әлем чемпионы да бар. Деңгейі өте жоғары турнир. Ал біздің жанкүйерлерге қызықты жекпе-жектер және де осы турнир арқылы спортты сүйетін қызар көбейетін шығар.

Футбол: «Ювентус» - «Атлетико». 3:0

Криштиану Роналдудың «Атлетико» қақпасына соққан үш добы «Ювентусты» УЕФА чемпиондар лигасының ширек финалына алып шықты. Мадридте 0:2 есебімен ұтылған Турин командасын келесі кезеңге шығады дегенге ешкім сенген жоқ. Тек Аллегри шәкірттері ғана қарымта кездесуде тағы бір мүмкіндік болатынын білді. 27-минутта Роналду алғашқы гол соқты. Үзілістен кейін португалиялық футболшы екінші мәрте мергендік танытты. 85-минутта «Атлетико» ойыншылары ереже бұзып, төреші қонақтардың қақпасына пенальти белгіледі. Он бір метрліктен Роналду мүлт кетпеді. «Ювентус» чемпиондар лигасында жарысты жалғастырады.

Массимилиано Аллегри, «Ювентус» ФК бас бапкері:

– Жігіттер бүгін қалай ойнау керек екенін паш етті. Алаңда жылдам қимылдап, техникалық шеберліктерімен қарсылас команданы қыспаққа алды. Мадридте кеткен есені қайтарып, мінез көрсеттік. Матч бойы шабуылдаумен болдық. Қорғаныста да қателік жібермедік. Мұндай жетістікке жету үшін барлық футболшы керемет ойын үлгісін көрсетуі керек.

«Бавария» – «Ливерпуль» кездесуі

УЕФА чемпиондар лигасының ширек финалына «Манчестер Сити» де жолдама алды. Пеп Гвардиола шәкірттері қарымта кездесуде «Шальке04» командасының қақпасына жауапсыз жеті доп соқты. Бүгін Еурокубок додасының тағы екі ойыны өтеді. «Барселона» «Лионды» қабылдаса, «Бавария» «Ливерпульді» күтеді. Екі жұп арасындағы алғашқы ойында 0:0 есебімен аяқталған болатын. Мюнхенде алаң иелеріне Роббен мен Киммих көмектесе алмайды. Толиссо мен Мюллер де алаңға шықпайды.

Теннис: Indian Wells Masters

Әлемнің айтулы теннисшілері АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында жүр. Masters санатындағы турнирге мықтылардың бәрі жиналған. Бүгін 1/8-финалға шыққан спортшылардың есімі белгілі болды. Рафаэль Надаль аргентиналық Диего Шварцманмен кездесіп, 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Испаниялық теннисші ширек финал жолдамасын сербиялық Филипп Краиновичпен сарапқа салады.

Токио олимпиадасының билеттері сатылымға шығады

2020 жылы Токио қаласында өтетін жазғы олимпиада ойындарының билеттері 14 маусымда сатылымға шығады. Бұл күні кешенді сынға арналған арнайы заң күшіне енеді. Жаңа ереже бойынша билеттерді қолдан жасап көшіргендер заң аясында жазаға тартылатын болады. Тіпті екі жылға дейін бас бостандығынан айырылып, тоғыз мың доллар айыппұл төлейді. Ұйымдастыру комитеті ең қымбат билет ойындардың ашылу және жабылу салтанаттарына арналған дейді. Олардың құны екі жарым мың доллар тұрады.

Хабар 24 телеарнасы