378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Гагарин кубогы: «Барыс» «Авангардтан» айласын асыра ала ма

  • 115
  • UPD: 15:11, 14.03.2019

Бүгін «Барыс» хоккейшілері Гагарин кубогының плей-офф сериясындағы кездесуін жалғастырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елорда командасы Шығыс конференциясының жартылай финалында «Авангардпен» сынға түсеті. Алғашқы екі ойын Астанада өтеді. Елордалық хоккейшілер маңызды кездесу алдында ашық жаттығу өткізіп, ойынға қатысты ойларымен бөлісті.

«Барыстың» азуы «Авангардқа» батар емес. Омбы командасы – елорда хоккейшілері үшін ыңғайсыз қарсылас. Екі команда 2015 жылы Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде жолығып, жетінші ойында ресейлік клуб басым түскен еді. Бұл жолы қарсыластар жаңа жаттықтырушымен қайта жолдары түйісті. Алайда «Авангардқа» қарсы сәтсіздіктер сериясы жалғасып келеді. «Барыс» омбылықтарды соңғы рет 2017 жылдың қазанында жеңген болатын. Содан кейінгі алты ойында «Авангардың» мерейі үстем шықты.

Андрей Скабелка, «Барыс» ХК бас бапкері:

- Біз биылғы маусымда «Авангардпен» төрт ойын өткіздік. Төртеуінде де қарсыластың жолы болды. Олар өте жинақы ойнап, қарсыластарының мысын басуға ұмтылады. Өте аз қателеседі. «Авангардқа» қарсы барлық кездесу аса тартысқа толы болды. Тіпті тең дәрежеде өтті. Бұл жолы да жағдайымыз бірдей. Кім тез шешім қабылайды, солар жеңіске жетеді. 

«Авангардқа» қарсы Роман Старченко ойнамайды. Ол жарақатына байланысты маусымды аяқтады. Қорғаушы Кирилл Полохов та жазылған жоқ. Сонымен қатар Кевин Даллмэн де отбасылық жағдаймен командасына көмектесе алмайды. «Барыс» – «Авангард» арасындағы алғашқы кездесу Астана уақытымен кешкі жеті жарымда басталады.

Футбол: «Бавария» – «Ливерпуль» – 1:3

Англияның төрт бірдей командасы УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалына шықты. Соңғы болып «Ливерпуль» үздік сегіздіктің қатарына қосылды. Юрген Клопп шәкірттері Мюнхенде «Баварияның» осал тұсын тапты. Есеп – 3:1. Садио Мане екі мәрте мергендік танытқан матчта қорғаушы Вирджил Ван Дейк те гол соқты. Ливерпульдегі алғашқы ойында қарсыластар есеп аша алмай тарасқан еді.

Юрген Клопп, «Ливерпуль» ФК бас бапкері:

- Біз екінші таймда көз сүйсінер ойын көрсеттік. Үзіліске дейін «Баварияның» ойын жүйесін бұзуға тырыстық. Және ойлаған жоспарымыз жүзеге асты. Сондықтан қорытынды есеп – кездесуге берілген әділ баға. Бұған дейін сырт алаңдардағы ойындарда дұрыс қорғана алмай жүрдік. Бүгін сол қателіктерден қорытынды шығардық.   

Футбол: «Барселона» – «Лион» – 5:1

Чемпиондар лигасының ширек финалына «Барселона» да шықты. Каталониялықтар испан клубтары арасында еурокубок додасын жалғастыруға мүмкіндік алған жалғыз команда. Вальверде шәкірттері «Лионды» қабылдап, 5:1 есебімен басым түсті. «Барселона» сапында Коутиньо, Пике, Дембеле мергендік танытты. Лионель Месси екі допты еншісіне жазды. 

Эрнесто Вальверде, «Барселона» ФК бас бапкері:

- Біз алғашқы таймда керемет футбол ойнадық. Қарсыласқа ешқандай мүмкіндік бермедік. Бұдан да көп гол соғуға болар еді. Екінші таймда сәл босаңсып едік, «Лион» бір доппен жауап қатты. Сондықтан Чемпиондар лигасында матч бойы қырағы ойнаған дұрыс. Қазір біздің назарымыз Чемпиондар лигасында, осы турнирде топ жаруға ұмтыламыз. 

Зидан «Реалмен» алғашқы жаттығуын өткізді

Зинедин Зидан «Реалдағы» алғашқы жаттығуын өткізді. Француз маманы сегіз айлық үзілістен кейін қайтадан Мадрид командасының тізгінін ұстаған болатын. 46 жастағы жаттықтырушы «корольдік» клубпен 2022 жылдың маусымына дейін келісімшартқа отырды. Зидан бұрынғы командасын 11 наурызда қабылдап алды. Енді ол бес күннің ішінде ойыны сұйылып кеткен ұжымды қалпына келтіруге тырысады. 16 наурызда «Реалға» «Сельта» қонаққа келеді. «Корольдік» клуб Ла-лигада 27-турдан кейін 51 ұпаймен үшінші орында тұр. Топ бастаған «Барселона» 63 ұпаймен ұзап кетті.

Теннис: Indian Wells Masters

Әлемнің айтулы теннисшілері АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында жүр. «Мастерс» санатындағы турнирде топ жарудан үміттілердің бірі – Роджер Федерер. 37 жастағы ардагер теннисші жыл сайын жасарып келе жатқандай. Британиялық Кайл Эдмундпен кортқа шыққан швейцариялық спортшы 6:1, 6:4 есебімен басым түсті. Федерер ширек финалда поляк Хуберт Хуркачпен ойнайды. Индиан-Уэлсс турнирінің келесі кезеңіне Рафаэль Надаль мен Милош Раонич те жолдама алды.

Хабар 24 телеарнасы