378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Жаңабаев WBA Intercontinental белбеуін жеңіп алды

  • 276
  • UPD: 23:32, 24.03.2019
Нұрсұлтан Жаңабаев WBA Intercontinental белбеуін жеңіп алды

Almaty Arena спорт кешенінде өтіп жатқан бокс кешінде Қазақстан боксшысы Нұрсұлтан Жаңабаев WBA Intercontinental белбеуін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрсұлтанға қарсы шыққан венесуэлалық 25 жастағы Иван Матуте кәсіпқой бокста тәжірибесі мол спортшы саналады. Ол бұған дейін 29 кездесу өткізіп, оның 28-інде жеңіске жетсе, 23-і нокаутпен аяқталған. Бір рет қана жеңілістің ащы дәмін татқан. Алматы төрінде өтіп жатқан шаршы алаңдағы кездесу барынша тартысты өтті. Алғашқы раундтан-ақ боксшылар бір-бірінен тайсалмай, ашық ұрысқа кірісіп кетті. Дегенмен Нұрсұлтанның соққылары венесуэлалыққа қарағанда діттеген жеріне дөп тиіп жатты. Екінші раунд та қарқынды басталды. Қазақстандық боксшы асқан жылдамдықпен соққылар жұмсап, Иванды бұрыштан-бұрышқа тықсыра жүріп, ауыр соққылардың астында алды. Тіпті, соңғы сәттерде соғылған гонг венесуэлалықты естен танып құлаудан әзер аман алып қалғандай көрінген еді. Шынымен де, екінші раундтан кейін венесуэлалық жекпе-жекті одан ары жалғастырудан бас тартты. Осылайша Нұрсұлтан Жаңабаев WBA Intercontinental белбеуін жеңіп алды.

Айта кетейік, осы жылдың басында бірінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Нұрсұлтан Жаңабаев (6-0, 4 КО) Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) рейтингінің жаңартылған нұсқасына енді. WBC рейтингіндегі өз дивизионында қазақстандық 39-орынға жайғасты. Боксшымыздың ұйым рейтингіне кіруіне желтоқсанда филиппиндік боксшы, атақты отандасы Мэнни Пакьяоның спарринг-әріптесі Арнел Тинампайдан (25-23-1, 11 КО) басым түсуі себеп болды. Онда Жаңабаев он раундтың қорытындысы бойынша қарсыласын жеңіп, WBA Asia чемпионы титулын еншілеген еді.

Хабар 24 телеарнасы