378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Спорт әлемінде қандай жаңалықтар болып жатыр?

  • 112
Спорт әлемінде қандай жаңалықтар болып жатыр?

Норвегияда биатлоннан әлем кубогының соңғы кезеңі аяқталды.

Ерлер арасындағы спринтте қазақстандық спортшылар сапынан Роман Еремин тәуір нәтиже көрсетіп, қырық үшінші болып мәреге жетті. 10 шақырымдық спринтерлік сайыста норвегиялық Йоханесс Бе топ жарды. Ол биылғы әлем кубогының жалпы есебінде де жеңіске жетті.

Қазақстан ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы екінші кездесуін Ресеймен өткізіп, 0:4 есебімен жеңіліп қалды. Алаң иелері Астана аренаға жиналған 29500 көрермен алдында көсіліп ойнай алмады. Алғашқы турда Михал Билек шәкірттері Шотландияны 3:0 есебімен жеңген соң, көптің көңілінде үміт оты пайда болған еді. Алайда Ресей құрамасы өз мықтылғын байқатты. Черчесов командасы елордадан үш ұпайын олжалап қайтты. Матчтың 19-минутында орыс құрамасы сапынан Денис Черышев есеп ашты. Испанияның «Вильярреалында» ойнайтын футболшы тайм соңына қарай тағы мергендік танытты. Черышев үзілістен кейін Артем Дзюбаның да көзге түсуіне жағдай жасады. 62-минутта Абзал Бейсебеков өз қақпасына гол соғып, кездесуге нүкте қойды. Қазақстан Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы келесі ойынын 8-маусымда өткізеді. Билек шәкірттері Бельгияға қонаққа барады.

Футбол: Голландия - Германия 2:3

2020 жылғы құрлық біріншілігіне іріктеу турнирін Германия құрамасы да сәтті бастады. Йоахим Лев командасы Голландияға қонаққа барып, маңызды үш ұпайын алып қайтты. Амстердамдағы кездесу 3:2 есебімен немістердің пайдасына аяқталды. 15-минутта Лерой Сане есеп ашқан. Сосын Серж Гнабри көзге түсті. Ойын соңына қарай Нико Шульц мергендік танытып, Германияға жеңіс сыйлады. 

Йоахим Лёв, Германия құрамасының бас бапкері:

– Біз алғашқы таймда өте жақсы ойнадық. Алаңды өз бақылауымызда ұстап, есепте алға шықтық. Үзіліс кезінде футболшылардың есіне өткен кездесу туралы айттым. Біз осылай 2:0 нәтижесімен Голландияны жеңіп, тұрып қақпамызға екі доп жіберіп алғанбыз. Алайда осы жағдай екінші таймда қайталанды. Біз нашар ойын көрсеттік. Бірақ командамыз жеңістен үміт үзген жоқ. Іріктеу кезеңін тамаша бастадық.

Әлемнің бірінші ракеткасы Наоми Осака Майамидегі турнирдің 1/8-финалына шыға алмады. Жапониялық теннисші үшінші айналымда тайбейлік Се Шувэйден жеңіліп қалды. 2 сағат 18 минутқа созылған кездесу 6:4, 6:7, 3:6 есебімен аяқталды. Шувэй Осакадан ресми жарыстарда алғаш рет басым түсті. Бұған дейінгі екі ойында жапон қызының мерейі үстем болған еді. Майамиде топ жарудан дәмелі мықтының бірі Серена Уильямс турнирді ерте аяқтады. Америкалық теннисші тізесі сыр берген соң, жарысты жалғастырудан бас тартты. Серена жарақатына байланысты өткен аптада Индиан-Уэлстегі турнирден де шығып қалған болатын.

Хабар 24 телеарнасы