379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда кәсіпқой бокстан жарыс өтті

  • 216
  • UPD: 12:27, 25.03.2019

Кеше Алматыда кәсіпқой бокстан жарыс өтті. Алматы Аренада керілген шаршы алаңға жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген жерлестеріміз шықты.

Үш бірдей салмақта чемпиондық белбеулер сарапқа салынып, қазақ боксшыларының асығы алшысынан тұрды.

«Suleimen Promotions» промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өткен кәсіпқой бокс турнирі түн ортасына дейін созылды. Алматы Арена шаршы алаңында 8 жекпе-жек өтті десек, солардың ішіндегі сүбелісі соңғы үш кездесу болатын. Алдымен жерлесіміз Нұрсұлтан Жаңабаев Венесуэладан келген Иван Матутемен WBA Intercontinental чемпиондық белбеуін сарапқа салды. Екі боксшыда жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген мықтылар еді. Кәсіпқой рингте 29 кездесу өткізген Матуте тәжірибесіне сенген. Алайда қарсыласының қарша бораған соққыларынан есін жия алмады. Екінші раундтан кейін Венесуэла бапкерлері жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Бапкері Сағатбек Мұсахановпен үлкен жұмыс жасаған Нұрсұлтан төккен тердің жемісін жеді.

Нұрсұлтан Жаңабаев, Wba Intercontinental белбеуінің иегері:

– Бәрі тамаша өтті. Жекпе-жек Алматыда болғандықтан, біз жақсы дайындалдық. Шын айтсам жекпе-жекке қарағанда, жаттығу қиын.

Екінші болып шаршы алаңға Садриддин Ахмедов көтерілді. Кәсіпқой бокста бұған дейін 7 жекпе-жек өткізіп жетеуінде нокаутпен жеңген жерлесіміз бұл жолғы қарсыласын тіпті нокдаунға да жібере алмады. Дегенмен ұпай санымен жеңіске жетіп, WBC Asia белбеуіне иелік етті.  Кездесуден кейін сөз алған Ахмедов бапкерлермен ақылдаса келе, 10 рануд бойы жұдырықтасуды жөн көргендерін айтады. Көпшіліктің қолдауынан шабыттанса керек, Садриддин Канелоны да сабайтынын айтып қалды. Біраз сабасына түскен соң сарбазды бізде әңгімеге тартып көрдік.

Садриддин Ахмедов, WBC ASIA белбеуінің иегері:

– Жанкүйерлердің қолдауын сезіндім. Мен өте қуаныштымын. Осындай қазақ елінде осындай жанкүйерлерім барына шексіз алғысымды айтамын.

Осы кештің тұздығына баланған Айдос Ербосынұлы мен намибиялық Лукас Ндафолум арасындағы жекпе-жек жанүйерлердің ұйқысын ашар деп ойлағанбыз. Үш бірдей белбеуді сарапқа салған жігіттер көсіле алмады ма әлде деңгейлері солай ма әйтеуір сылбыр жұдырықтасты. Төрешілердің бірауыздан шешімі бойынша жерлесіміз Айдос Ербосынұлы WBA Intercontinental, WBC Asia және WBO Global белбеулерін қанжығасына байлады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы,  Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы