378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында көкпаршылар ауылы бар

  • 128
Ақмола облысында көкпаршылар ауылы бар

Ақмола облысының Бұланды ауданындағы екі бірдей көкпар құрамасы ширек ғасыр бойы аймақ намысын қорғап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар – Жаңаталап және Амангелді ауылдарының жігіттері. Бір қызығы, құрамаларды жергілікті әкімдік емес, осы командаларды 25 жыл бұрын құрған қазіргі ел ағалары қаржыландырады.

Он жыл бойы Жаңаталап ауылының құрамасында өнер көрсетіп жүрген Рүстем Әбдікәрімов қазір өзінің 5 жасар ұлы Мирасты ұлттық спортқа баулып жүр. Бесіктен белі енді ғана шыққан бала болса да, Мирастың тақымы мықты.

Наурыз мерекесіне орай қос ауылдың командасы көкпар тартысты. Амангелді ауылының жігіттері ауданның жастар құрамасы болса, Жаңаталаптың тәжірибелі көкпаршылары ересектер командасы ретінде өнер көрсетеді. Олар тек көкпарды ғана емес, барлық ұлттық спорт түрлерін қамтуға тырысады.

Кезінде Жаңаталап көкпаршылар қомандасын құрып, өздері көкпар тартқан жігіттер – қазір осы құраманың демеушілері. Ал ойыншылар – өздерінің балалары немесе інілері. Аудандық бюджеттен ойыншыларға тек киім бөлінсе, жергілікті кәсіпкерлер қалған шығындардың барлығын өздері көтереді екен.

Еркебек Әлібеков, шаруа қожалығының директоры:

– Аттар – өзіміздің меншікті аттарымыз. Сол меншікті аттарды алып шығып, балаларды үйретіп, қазақ дәстүрінен қалмай жатырмыз.

Жаңаталап ауылы – жалпы шағын ғана елді мекен. 30 шақты ғана үй бар. Дегенмен әрбір екінші үйде жылқы бағады. Ауыл бойынша жылқы басының саны 400-ден асады. Ал ең бастысы ауылдықтардың ұлттық спорттың дамуына қосып отырған үлесі орасан зор. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы