384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда алғашқы тоғызқұмалақ мектебі өз жұмысын бастады

  • 757
  • UPD: 11:38, 25.03.2019

Оралда зияткерлік спортты дамытуға бағытталған алғашқы тоғызқұмалақ мектебі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақыл-ойды шыңдайтын спорт түрін үйренуге жүзге тарта өрен ниет танытты. Қазір елімізде, соның ішінде Орал өңірінде бұл спорт түрі жақсы дамып келеді. Облыста 2 мыңдай жасөспірім тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысады. Аталмыш спорт түрінен өткен әлем чемпионаттарында бірнеше батысқазақстандық спортшы жүлдегер атанды.

Тоғызқұмалақ өте ертеден келе жатқан ойындардың бірі. Деректерге сүйенсек, бұл ойын  өткен ғасырларда қазақ даласында кең тараған. Аңыз бойынша қарапайым қойшылар бастапқыда оны уақыт өткізу үшін ойнапты. Бұл әрине, болжам ғана. Бүгінде тоғызқұмалақтан әлемдік деңгейдегі жарыстар өтіп тұрады. «Қазір балалардың көп уақыты смартфонға үңілумен кететіні рас. Ал, зияткерлік ойын олардың ой-өрісін ұштап, зейінді де зерек болып өсуіне ықпал етеді,»- дейді тоғызқұмалақ мектебінің басшысы, Дәулет Әбдікәрімов.

Дәулет Әбдікәрімов, тоғызқұмалақтан облыс бойынша аға жаттықтырушы:

– Баланың ойлау қабілетін жетілдіреді. Тоғызқұмалақтың ішінде математиканың төрт амалы да қарастырылған. Сол 4 амалды үйретуге шыңдайды. Сонымен қатар баланың логикасын дамытады. Қазақтың ұлттық ойыны деп айтамыз, 4 мың жылдық тарихы бар. Сонымен қатар Абай Құнанбаев атамыздың кезінде сүйікті ойыны болған.

Тоғызқұмалақтан өткен Азия және Әлем чемпионаттарында бірнеше батысқазақстандық спортшы жүлдегер атанды. Қазір облыста халықаралық дәрежедегі 3 және 4 республика деңгейіндегі спорт шебері бар.

Жайна Жұматай, тоғызқұмалақ үйірмесінің мүшесі:

– Математикадан бұрында төртім болды. Ал қазір бәрінде де – 5. Логиканы да жақсы шешемін.

Ұлттық ойынға құмар жастардың қатары жыл санап артып келеді. Облыста ашылған асық ату үйірмесіне де жүздеген жеткіншек барып жүр. Олар мерекелік шараларда өзара шеберлік байқасып, көптің назарын көне ойындарға аударуға тырысады.

Жарқын Жұмаділов, қала тұрғыны:

– Мысалы біз бала күнімізде ойнап өскен асық ойыны дәлдікке, шапшаңдыққа баулып, адамның стратегиялық ойлау жүйесін қалыптастырады. Сонымен қатар бала күнімізде асығы көп адам капиталы, байлығы көп сияқты болатын. Ол да бір сол кездегі тәрибенің көрінісі деп ойлаймын.

Қимыл мен қозғалысқа құрылған қазақтың ұлттық ойындары жаугершілік заманда жастарды ептілікке үйретті, батылдыққа баулыды. Одан бері талай заман алмасса да, мән-маңызын жойған жоқ. Керісінше, рухани жаңғыру кезеңінде ойнай да, ойлай да білетін буын қалыптастыру мәселесі өзекті болып қала бермек дейді сала мамандары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Руслан Ғазизов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы