384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда қол күресі қалай дамуда?

  • 1178
  • UPD: 12:20, 25.03.2019

Ежелден аттың жалында, түйенің қомында өмір сүрген қазақ халқы бүгінгі ұрпағына мол мұра қалдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, ат үстінде өтетін түрлі сайыстар мен дәстүрлі ойындар жаңа дәуірмен жалғасын тапты. Қазір ұлттық ат ойындары мен белдесу өнері спорттық сипат алып, халықаралық мәртебеге ие болды. Сонымен қатар өзге елде пайда болып, Қазақстанда бұқаралық деңгейде дамыған сайыстар да бар. Наурыз мерекесі секілді ас-тойлардың көркі болған сайыстың бірі – қол күресі. Армрестлинг деп аталған спорт түрі ұлттық ойындармен біте қайнасып кетті.

Қол күресі – Қазақстанда ұлттық спорт дәрежесіне көтерілген сайыстың бірі. Ұлттық мерекелер мен түрлі жиын-тойлардың көркі болған білектілер сайысы бүгінде бұқаралық сипат алды. Қазір қолы қарымды қыз-жігіттер арасында елімізде түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. Тіпті Қазақстанның мықтылары армреслингтен әлем чемпионаттарында да атой салып жүр.  

Еркін Әлімжанов, қол күрестен әлемнің алты дүркін чемпионы:

– Біздің залдан бес әлем чемпионы шықты. Жаттығу үшін көп заттың керегі жоқ.

Қол күресі – қолжетімді спорт түрі. Сондықтан кез келген қыз-жігіт армрестлингпен айналыса алады. Алайда білектілер бәсекесінің де өзіндік қыр-сыры бар. Мінезді жүректі жігіттер ғана жетістікке жете алады. Біздің елде бармағынан күш саулаған шебер спортшылар көп. Соңғы жылдары Қазақстан құрамасы әлем чемпионаттарында жақсы нәтижелер көрсетіп, үздік үштіктен төмен түскен жоқ.

Марат Асаинов, ҚР армрестлинг федерациясының президенті:

– Балаларымыз өте мықты. Былтыр әлем чемпионаты өтті. 51 мемлекеттің ішінде біздің балалар екінші орын алды.

Еркін Әлімжанов, қол күрестен әлемнің алты дүркін чемпионы:

– Біздің қазақстандықтар күшті, неге десеңіз ата-бабаларымыз қолдарына найза ұстаған. Қол күші содан.

Мамандар армрестлингтің шығу тарихын әріден іздейді. Қол күрестіру сайысы Александр Македонский заманынан келе жатыр дейді олар. Жаугершілік жылдардағы білектілер бәсекесі 20-ғасырдың ортасында Америкада қайта бастау алды.

Марат Асаинов, ҚР армреслинг федерациясының президенті:

– Шындығында армрестлинг Америкадан келді. Кейін Ресейге сосын Қазақстанға келді.

Қол күресі еліміздің шығысы мен оңтүстігінде жақсы дамыған. Шымкент, Тараз және Алматы облысы мен елорданың да спортшылары көзге түсіп жүр. Соңғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының жігіттері жеті алтын медаль ұтып, үздіктер қатарынан көрінгені – соның дәлелі.

Авторы: Ерзат Зайтхан

Хабар 24 телеарнасы