377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жапонияда Денис Тенге арналған фотокөрме өтті

  • 218
  • UPD: 23:49, 25.03.2019

Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен әлем біріншілігі аясында Денис Теннің құрметіне арналған фотокөрме өтті. Қазақстандық спортшының жанкүйерлері Денис Теннің суреттерін көріп, арнайы кітапшаға пікір қалдырды. Бұл спорт саңлағына арнап шетелде ұйымдастырылған алғашқы көрме.

Мәнерлеп сырғанау – Жапония тұрғындарының ең сүйікті қысқы спорт түрлерінің бірі. Сол себептен көбісі Денис Тенді жақсы біледі.  Тіпті жергілікті жанкүйерлер спортшымызды талай таң қалдырған еді. Жанкүйерлер Денистің шоуы өткен әлемнің кез-келген жеріне барып, өз қолымен жасаған бұйымдарын сыйлап жүрген. Осы ретте, атақты спортшының қоры шетелдегі бірінші көрмесін алғаш рет Жапонияда өткізді.

Гауһар Омар, Денис Тен қорының атқарушы директоры:

- Біз Денис тұлғасының алуан қырлығын көрсеткіміз келді, жұрт оны негізінен спортшы ретінде біледі. Мысалы, жеке мұрағатындағы бейнелерден оның достарына адалдығын көруге болады. Шығармашылығымен де, мәселен, Денис түсірген фотосуреттерімен танысады.

Жанкүйерлерінің арасында Дениспен жақсы таныс адамдар да бар. Олардың бірі спорт бағдарламаларының жүргізушісі Эри Судзуки.

Мынау оның  Саппородағы қысқы Азия ойындары кезінде спортшымыздың есімін жариялау сәті.

Ең қызығы, Денистің арқасында Эри қазақ мәдениетін зерттей бастап, домбыра ойнауды үйренген. Осы күндері ол Сайтамадағы әлем біріншілігінде спортшылардың есімдерін қайта жаңғыртып жүр. Ал бос уақытында көрмеге келіп, жұртпен өз естеліктерімен бөліседі. 

Эри Судзуки, диктор, Денис Теннің жанкүйері:

- Алғаш рет мұз айдынындағы өнерін көргенде, қалай керемет сырғанайды деп таң қалдым. Мен оны жақсы көретінмін. Мұзда сырғанауы тамаша, сондай-ақ, өзге салаларда да дарынды, жүрегі ашық, ақ көңіл еді.  

Риэ Сода, Денис Теннің жанкүйері:

- Қазақстанда осындай фотокөрме өткенін білгеннен кейін, көптеген жанкүйерлері оны Жапонияда да өткізгісі келген. Менің  білуімше, ата-анасы мен достарына бұл туралы көп сұраныс түскен. Қиындықтарға қарамастан, осы шараны ұйымдастырғаны үшін жанкүйерлері мен Денис Тен қорына алғыс айтқым келеді.

Мәнерлеп сырғанаудан халықаралық Федерациясы көрме өткізу бастамасын қолдап, Жапониядағы елшілігіміз Денис Тен қорына  қолғабыс еткен. Көрме өткен 4 күнде оған 35 мыңнан астам адам келді.

Авторы: Айгерім Оразалиева

Хабар 24 телеарнасы