377.73 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан кубогы: негізгі кезеңге қатысатын 16 команда анықталды

  • 185
  • UPD: 22:48, 27.03.2019
Қазақстан кубогы: негізгі кезеңге қатысатын 16 команда анықталды

19-27 наурыз аралығында Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы стадиондарда 2019 жылғы Қазақстан Республикасы Кубогының іріктеу кезеңінің ойындары өтті, деп жазады prosports.kz. 

Іріктеу кезеңіне Бірінші және Екінші лиганың клубтары мен әуесқой командалар бақ сынады. 14 команда 4 топқа бөлініп, келесі айналымның жолдамасын сарапқа салды. Әр топтың жеңімпаздары ғана турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алды.

А тобы 

Іріктеу кезеңіндегі «Өлім тобы». Премьер-лигадан оралған «Қызыл–Жар СК» мен Премьер-лигаға шығудан үмітті «Алтай» бар. Оған қазақ футболының байырғы командасы «Екібастұзды» қосыңыз. 

Аста тартысты ойындар нәтижесінде өскемендік команда келесі кезеңге өтті. 

«Алтай» (ШҚО) – 7 ұпай 
«Қызыл-Жар СК» (Петропавл) – 5 
«Екібастұз» (Екібастұз) – 4 
«Рузаевка» (Рузаевка) – 0.

В тобы 

Бұл топта шымкенттік команданың өзгелерден сәл басымдылығы байқалып тұрды. Олардың келесі кезеңге өткені ешкімді таңғалдырған жоқ. 

«Академия Оңтүстік» (Шымкент) – 9 ұпай 
«Арыс» (Арыс) – 6 
СДЮСШОР №8 (Астана) – 1 
Дидар Сыдықбек ФО (Астана) – 1. 

С тобы 

Нағыз сенсация осы топта орын алды. Бірінші лиганың үздік командаларының бірі «Қыран» соңғы ойында күтпеген жерден Екінші лигада бақ сынайтын «Ақсуға» 3:1 есебімен есе жіберді. 

«Ақсу» (Ақсу) – 3 ұпай 
«Қыран» (Шымкент) – 3 
«Игілік» (Қаратау) – 3.

D тобы 

Бұл топта да кішігірім ел күтпеген нәтиже тіркелді. Бірінші лиганың фавориттері саналатын «Ақжайық» пен «Мақтаарал» жалғыз жолдамаға таласады деп жүргенде, «Каспий» көш бастады. Бір қызығы, ақтаулық команда топтық кезеңде бар болғаны бір гол ғана соқты. Алайда сол жалғыз гол оларды 1/8 финалға алып шықты. 

«Каспий» (Ақтау) – 4 ұпай 
«Мақтаарал» (Мақтарал ауданы) – 3 
«Ақжайық» (Орал) – 1.

Осы төрт командаға Премьер–лигада өнер көрсететін 12 команда қосылады. Сөйтіп, Қазақстан кубогының негізгі кезең ойындары басталады. 1/8 финал ойындарының жеребесі 28 наурыз күні тартылады.   

1/8 финалда бақ сынайтын командалар:

– «Ақтөбе» (Ақтөбе);
– «Астана» (Астана);
– «Атырау» (Атырау);
– «Жетісу» (Талдықорған);
– «Ертіс» (Павлодар);
– «Қайрат» (Алматы);
– «Қайсар» (Қызылорда);
– «Оқжетпес» (Көкшетау);
– «Ордабасы» (Шымкент);
– «Тараз» (Тараз);
– «Тобыл» (Қостанай);
– «Шахтёр» (Қарағанды);
– «Алтай» (ШҚО);
– «Академия Оңтүстік» (Шымкент);
– «Ақсу» (Ақсу);
– «Каспий» (Ақтау).

Хабар 24 телеарнасы