379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы марафонына қатысушылар саны жыл сайын артып келеді

  • 163
  • UPD: 21:30, 28.03.2019

Дәстүрлі Алматы марафоны жақындап қалды. «Жарысқа қатысамын» деушілердің саны жылдан жылға артып келеді дейді ұйымдастырушылар. Қазірдің өзінде  47 елден үміткерлер тіркеліп үлгерген.

Айтулы жарыстар жақындаған сайын ұйымдастырушылардан ұйқы қашатыны белгілі. Алматы марафонын өткізушілерде абыр сабыр күй кешуде. Былтыр 14 мың адам тіркелсе, биыл 17 мыңға жуық  үміткер жарыс жолына шығуға ниет білдіріпті.  2013-ші жылы халықаралық мәртебесін алған Алматы  марафонына айтулы спортшылардың келуі де заңдылық. Биылғы қатысушылардың арасында Гиннестің рекордтар кітабына кірсем деп жүрген поляктың  белгілі марафоншысы Войтек Маник те бар екен.

Салтанат Қазыбаева, Алматы марафонының директоры:

- Ресей,Қырғызстан, Өзбекстан секілді көршілес елдерден бөлек қазіргі таңда Британия мен Австрия және Германиядан, тіпті Нигериядан да үміткерлер тұрақты түрде қатысып тұрады.  

21 сәуір күні өтетін биылғы марафонда ересектер үш қашықтықта, яғни 10, 21,42 шақырымда бақ сынаса, 10 жас пен 14 жас  аралығындағы  балалар 3 шақырымға жарысады. Сонымен қатар командалық Экиден жарысы мен скандинав жүріс түрлері де бар. Жарыстың  ұтыс қоры 2 миллионға жуық теңге. Үміткерлерді тіркеу сәуірдің 1-іне дейін жалғасады.

Иса Қалқа, Алматы марафонының менеджері:

-  Марафонға қатысу ақылы. Және айта кететініміз жиналған қаражаттардың үлкен бөлігі қайырымдылық шараларына кетеді. Осы жылы бізде арнайы балаларға арналған үш мектеп бар. Сол жерде спорттық алаңдарды соғуға мақсатымыз бар.

Алматы марафонының рекордтық көрсеткіші әзірше Николай Григоровқа тиесілі. Ол 2017 жылы 42 шақырымды 2 сағат 30 минут 9 секундтта жүгіріп өтсе,  әйелдер арасында Мария Киселева 2013 жылы 2 сағат 45 минут 37 секунд нәтижесін көрсеткен болатын. Естеріңізге сала кетейік, жарысқа тіркелгендер өз номерлерін 19 және 20 сәуір күні Балуан Шолақ спорт сарайында өтетін жәрмеңкеден ала алады.  

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы