379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Федерер 101-жеңісіне қол жеткізді

  • 163
  • UPD: 15:23, 01.04.2019

Cу добынан Қазақстан ерлер құрамасы әлемдік лиганы төртінші орынмен аяқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қола медаль үшін өткен матчта жерлестеріміз Канададан 4:9 есебімен жеңіліп қалды. Үздік төрттіктің қатарынан орын алған Қазақстан ватерполшылары әлемдік лиганың суперфиналына жолдама алды. Бұл жарыс 18-23 маусым аралығында Сербияның Белград қаласында өтеді. Ал Қазақстан әйелдер командасы әлемдік лигада алтыншы орын алды.

Хоккей: «Номад» финалға шықты

 «Номад» хоккейшілері Қазақстан чемпионатының финалына шықты. Қатарын «Барыстың» ойыншыларымен толықтырған елорда командасы жартылай финалда Көкшетаудың «Арланын» жеңді. Соңғы шешуді жетінші кездесу 5:3 есебімен аяқталды. «Номад» сапынан Ярослав Евдокимов үш шайбаны еншісіне жазса, Никита Михайлис пен Кирилл Панюков та мергендік танытты. «Номад» қатарынан үшінші мәрте ел біріншілігінің финалына жолдама алды. Енді астаналық хоккейшілер Атыраудың «Бейбарысымен» бас жүлдені сарапқа салады.  

«Астаналық» Лопес «Вуэльта Каталония» турында топ жарды

«Астана» велокомандасының капитаны Мигель Анхель Лопес Испаниядағы «Вуэльта Каталония» турында топ жарды. Колумбиялық велоспортшы тау жолдарынан тұратын төртінші кезеңде жеңіске жеткені белгілі. Басты қарсыластарынан ұзап шыққан Лопес қалған кезеңдерде тізгінді ешкімге ұстатқан жоқ. Соңғы жетінші кезеңде «Астана» капитаны жеңімпаз атанған Давид Формолодан 55 секунд ұтылып, мәреге 13-болып келді. Жалпы есепте Мигель Анхель Лопес екінші орын алған Адам Йейтстен 14 секунд озып кетті. Үшінші орын Эган Берналға бұйырды.  

Мигель Анхель Лопес, «Астана» велокомандасының капитаны:

- Осы жарыста топ жарғаныма қатты қуанып тұрмын. Қандай сезімде тұрғанымды айтып жеткізе алмаймын! Бұл көпкүндік біздің команда үшін маусымға дайындықтың негізгі кезеңі саналды. Бүгін біз көздеген мақсатымызға жеттік. Апта бойы командадағы барлық жігіттер тамаша жұмыс істеп, маған жақсы көмек көрсетті.  

Майами турнирінде Федерер топ жарды

Швейцариялық теннисші Роджер Федерер «Майами оупен» турнирінде топ жарды. «Мастерс» санатындағы жарыстың финалында ол америкалық Джон Изнердің осал тұсын тапты. Есеп – 6:1, 6:4. Федерер спорттық мансабындағы 101-жүлдесіне қол созды. 37 жастағы теннисші әлі де бабында екенін байқатты. Биыл ол Дубайдағы турнирде де жеңіске жеткен еді. 

Роджер Федерер, теннисші:

- Менің армандарым орындалды. Қазір теннистен ләззат алып жүрмін. Ешқандай қобалжу жоқ, тек өз ойын өрнегімді көрсетіп келемін. Алғашқы сетте көп қателіктер жібердім. Алайда ойын соңына қарай басымдық таныттым. Жалпы бұл апта мен үшін сәтті өтті. Ең бастысы, көңіл-күйім көтеріліп, сайысқа деген қызығушылығым артты.  

Футбол: «Боруссия» Д – «Вольфсбург» – 2:0

Неміс бундеслигасы шарықтау шегіне жетті. Бас жүлде Дортмундтың «Боруссиясы» мен Мюнхеннің «Бавариясы» арасында сарапқа салынады. 27-турда Люсьен Фавр командасы «Вольфсбургты» қабылдап, 2:0 есебімен басым түсті. Матч тартысқа толы болды. «Сигнал Идуна Парк» стадионына жиналған 81 мың көрермен алдында көсіліп ойнаған алаң иелері маңызды үш ұпайына қол жеткізді. Тіпті тоқсан минут бойы қарсыластар қақпа кілтін таба алмады. Сосын Пако Алькасер белсенді. Дортмунд шабуылшысы төреші қосқан қосымша минуттарда екі мәрте гол соғып, бундеслигадағы басты мергеннің бірі екенін дәлелдеді. «Боруссия» 27-турдан кейін 63 ұпаймен топ бастады.

Футбол: «Фрайбург» – «Бавария» – 1:1

Соңғы бес жылда бас жүлдені ешкімге ұстатпаған «Бавария» биылғы маусымды ала-құла бастады. Чемпиондар лигасымен қош айтысқан команда бундеслигада екінші орынға түсіп қалды. 27-турда Мюнхен футболшылары «Фрайбругке» қонаққа барып, ұпай жоғалтты. Франкфурттегі кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Үшінші минутта Лукас Хелер есеп ашып, алаң иелерін алға жетеледі. Тайм ортасында Роберт Левандовски көзге түсіп, осы маусымдағы 19-голын еншісіне жазды. Үзілістен кейін нәтижеге өзгеріс енген жоқ. Қорытынды есеп – 1:1. «Бавария» 61 ұпаймен екінші орынға жайғасты. «Фрайбруг» 12-орында қалып қойды.

Хабар 24 телеарнасы