379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Футболдағы жемқорлықты қалай жеңеміз? Кристиан Карембё эксклюзивті сұхбат берді

  • 133
  • UPD: 15:23, 04.04.2019

Француз футболындағы қаржы туралы айтқанда, оның жылдық айналымы 7,5 миллиард еуроны құрайтынын қаперде ұстаңыз, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Себептің бірі көп ақша болса керек, мұнда жемқорлыққа байланысты дау-дамай ара-тұра көрініс береді. Тіпті елде келісілген ойындарды өткізетіндерді жазалау үшін арнайы заң қабылдау ұсынылған. Футбол саласындағы жемқорлықты қалай жеңуге болады? Әлем және Еуропа чемпионы, Чемпиондар лигасының екі мәрте жеңімпазы Кристиан Карембё арнамызға берген эксклюзивті сұхбатында осы сұраққа жауап берді.

Кристиан Карембё – көпжылдық футболшы тәжірибесі бар әлемдік деңгейдегі спортшы. Жеткен жетістіктерінің арқасында өз саласының шебері атанды. Футбол ойнап жүрген жылдары күмәнді ұсыныстар түспегенін айтады. Оған өзінің тік мінезі мен шыншылдықты сүйетіні әсер етсе керек. Спортшы «бүгінгі футбол қаражатпен тікелей байланысты», – дейді. Ара-тұра төрешілерді сатып алу, келісілген ойындар өткізу сынды жымысқы әрекеттер кездесетін көрінеді. Жемқорлықтың өрши түсуіне жол бермес үшін Карембё: «жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеу керек», – дейді. 

Кристиан Карембё, «Олимпиакос» футбол клубының спорттық директоры:

- Футбол – ең алдымен спорт. Спорт болғанда жастар тартылатын, көпшілік көретін, әлемге әйгілі спорт түрі. Мұнда былық болмауы тиіс. Демек тәрбие жұмыстары көп жүруі тиіс. Соңғы кездері нарық футболға өз үстемдігін жүргізе бастады. Түрлі қаржы құрылымдар қызығушылық танытқан соң, бұл салада жемқорлықтың болуы ғажап емес. 

Францияның спорт саласында өзін-өзі бақылау жүйесі жұмыс істейді. Ал футболда шешім шығарып, санкция салатын – елдегі Федерация мен  Кәсіби футбол лигасы. Қылмыстық іске ұласатын қиындық туындаған жағдайда сотқа жүгінеді. Француз футболындағы дақпырты алысқа кеткен жемқорлық жыры 90-жылдары тіркелген. Мәселен, «Марсель» клубының экс-президенті Бернар Тапидің көмекшісі Марк Фратани бар шындықты жайып салуы дүниені дүр сілкіндіріп еді ғой. Оның айтуынша, клуб төрешілерді сатып алып, қарсылас команданың ойыншыларын улауға дейін барған. Кристиан Карембёнің айтуынша, мұндай жағдайлар спорт саласында аракідік әрі барлық елде кездеседі.

Кристиан Карембё, «Олимпиакос» футбол клубының спорттық диреткоры:

- Қазақстанда футбол қарқынды дамып келе жатқандығынан хабардармын. Сіздің ел әлемге және әсіресе Еуропаға спортшы ел екенін танытып, спортқа қызығатын жастары бар екенін көрсетті. Бүгінде Қазақстанда футболды дамыту үшін көптеген орталықтар мен стадиондар салынып жатыр деп естідім. Бұл өте дұрыс шешім деп санаймын. Таланттарды тәрбиелеп, оларды іске баулуға, анығын айтсам, футболды үйретуге аса мән беру қажет.

Чемпионның айтуынша, келісілген матчтар мен жемқорлық әрекеттер футболдың аяғына тұсау салады, жалпы дамуына зиян. «Сондықтан кәсібіне адал ойыншы тәрбиелеу арқылы қылмыстың жолын кесуге болады», – дейді Кристиан.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы