389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты шарықтау шегіне жетті

  • 437
  • UPD: 12:31, 05.04.2019
Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты шарықтау шегіне жетті

Ел біріншілігінің финалында «Бейбарыс» пен «Номад» бас жүлдені сарапқа салуда.

Атыраудағы алғашқы екі ойында айдын иелері басымдық танытып, жалпы есепте алға шықты. «Бейбарыс» хоккейшілері бірінші кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жетті. Кешегі қарымта матч та дәл осындай нәтижемен аяқталды. Бірақ ойын овертаймға дейін созылды. Дмитрий Гренц алтыншы минутта мергендік танытып, елорда командасын алға жетелеген еді. Алайда Атыраулықтар екінші кезеңде таразы басын теңестірді. Шайба авторы Дмитрий Степанов. Негізгі және қосымша уақытта қарсыластар жеңімпазды анықтай алмады. Буллит сериясында «Бейбарыс» сапынан Евгений Чемерилов мергендік танытты. Енді командалар елордада кездеседі. Үшінші матч 7 сәуірде өтеді.

Елордада алғаш рет 2007 жылғы жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтеді. Еуропа мен Азияның шайбалы хоккей шеберлерін жинайтын жарысқа алты команда келеді. Халықаралық кубок 9 сәуірде «Барыс-аренада» басталып, 13 сәуірде аяқталады. Алғашқы турнирге «Барыс» балаларынан бөлек, Қытайдың «Куньлуны» мен ресейлік «Локомотив», СКА командалары қатысады. Беларусьтың «Динамосы» мен Словакияның «Слованы» да халықаралық кубокта сынға түседі.

Неміс бундеслигасының 28-ші турында чемпиондық атақтың тағдыры шешіліп қалуы мүмкін. Мюнхендегі «Алянс-аренада» «Бавария» мен Дортмундтың «Боруссиясы» алаңға шығады. Тұтас Германия көз тіккен матч ертең өтеді. Дәл қазір 63 ұпай жинаған «Боруссия» топ басында тұр. «Бавария» 61 ұпаймен басты қарсыластарын өкшелеп келеді. Сондықтан Нико Ковач шәкірттері жеңіске ұмтылады. Қонақтар да қарап қалмасы анық.  

Ресейдің Сочи қаласында ерекше футбол алаңы салынды. Доп тебетін алаң әдеттегідей жасыл шөптен емес, қайта өңделген пластик стақандардан құрастырылды. Футбол алаңын жасауға 50 мың стақан кетіпті. Сусын ішуге арналған ыдыстар 2018 жылғы әлем чемпионаты кезінде жанкүйерлерден қалған. Жиналған пластиктердің жалпы салмағы екі жарым мың тоннаға жеткен. Ресейліктер қоқысты кәдеге жаратудың тың үлгісін тауып, талайларға үлгі көрсетті. Пластиктен жасалған жасанды алаң ешбір елде жоқ. Ерекше футбол алаңында алғашқы болып 2006 жылғы әлем чемпионы Марко Матерацци доп тепті.

Хабар 24 телеарнасы