377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда бочча параолимпиадалық ойындарынан алғашқы чемпионат өтті

  • 125
  • UPD: 15:13, 06.04.2019
Нұр-Сұлтанда бочча параолимпиадалық ойындарынан алғашқы чемпионат өтті

Елімізде алғаш рет бочча параолимпиадалық спорт ойындарынан қалалық чемпионат өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордадағы жарысқа 60-қа жуық спортшы қатысты. Оның 20-сы – бала. Спорттың бұл түрімен негізінен тірек-қимыл жүйесі бұзылған және омыртқасы жарақаттанған адамдар айналысады. Италияда пайда болған бочча ойыны 1984 жылдан бері параолимпиадалық спорт түріне кіреді. Ал елімізде ол енді ғана дамып келеді. Дәрігерлердің пікірінше, бочча мүмкіндігі шектеулі жандарға физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да оң әсер етеді. Бүгінгі таңда спорттың бұл түрімен айналысатындарға арналған жаттығу орталықтары тек бас қалада ғана бар. Дегенмен алдағы уақытта аймақтарда да осындай орталықтар ашу жоспарда тұр. 

Айнұр Нұрқожаева, реабилитолог-дәрігер:

– Спорттың емдік жаттығулардан айырмашылығы мұнда балаға үлкен мотивация беріледі. Баланың бойында рухани күш қалыптасады. Ол жеңіске жету үшін еңбектену керек екендігін және барлығы тек өз қолында екенін түсінеді. Спорт мүмкіндігі шектеулі балаларға қоғамға бейімделуге көмектеседі. Ал жаттығулар олардың қимыл-қозғалысын жақсартады. Сондықтан оңалту жұмыстары кешенді түрде жүргізілу керек.

Сұлтанбек Орынбасаров, бочча параолимпиадалық спорт түрі федерациясының президенті:

– Коляскада отыратындар көп спорт түрімен қамтылмаған. Олардың кейбіреуінің қимыл-қозғалысы көп келмейді. Сол себепті бочча спорты олардың ойлауына, дамуына, қолмен жұмыс істеуіне көмектеседі. Әр нәрсенің бастауында қиындық болады. Қазіргі таңда параолимпиаданың алтынына дайындалып жатырмыз.

Хабар 24 телеарнасы