379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде эстетикалық гимнастикаға қаншалықты көңіл бөлініп жүр?

  • 263
  • UPD: 09:25, 12.04.2019

Эстетикалық гимнастика – еліміздегі ең жас спорт түрінің бірі.

Соған қарамастан біздің спортшыларымыз әлемдік ареналарда олжа салып жүр. Жақында ғана Сингапурде өткен жарыста Қазақстан құрамасы 3 алтын 2 күміс 2 қола медаль жеңіп алды.

Эстетикалық гимнастика – жалпы әлемде кенже дамыған спорт түрлерінің бірі. Көркем гимнастикаға ұқсас бұл спорттың өзіндік ерекшеліктері бар. Эстетикалық гимнастикада әртүрлі жастағы қыз балалар команда болып сайысады. Тіпті кілем үстіндегі синхронды би десек те болады. Мұнда сұлулық пен сымбаттылық, балет пен бидің үйлесімін көре аласыз. Команданың мықтылығы, ауызбіршілік пен әсем әуенге және әртістік қабілетке байланысты.

Елімізде тек 2017 жылы ғана тіркелген эстетикалық спорт қазір барлық өңірлерде дамып келеді. Спортшыларымыз шетелдік жарыстардан бос қайтып жүрген жоқ. Дегенмен көрер көзге әдемі спорт түрінің де қиындықтары бар. Қазір гимнасшылар жаттығатын жібі түзу зал жоқтың қасы. Және халықаралық турнирлерге баратын қаржыны да ата-аналар өздері көтеріп жүр.

Таңатар Асылханов, Алматы эстетикалық гимнастика федерациясының өкілі:

– Құрамалық спорт түрі болғаннан кейін ата-аналар мен өзіміздің күшіміз арқылы шығып жатырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау болса, гимнастиканың арнайы залдары болса, жақсы болар еді.

Қазақстан құрамасы Сингапурде өткен әлем кубогы мен төрт құрлықтың жарысында Алматының «Кербезі» мен елордалық «Көркем» және Қызылорданың «Сейхуны» жеңіс тұғырынан көрінді.

Заира Жақыпова, Алматы құрамасының жаттықтырушысы:

– Болашақта біздің спортшылар бұдан да биік шыңдарды бағындыратынына сенімім мол. Қандай спорт түрі болмасын қажырлы еңбекті талап етеді. Ал менің шәкірттерім қандай қиындық болмасын мойыған емес. Ауызбіршіліктері де күшті. Алдағы Испанияда өтетін әлем чемпионатында да біздің гимнасшылар аянып қалмайды. 

Әлем кубогынан олжалы қайтқан алматылық аруларды әуежайдан туған туыстары мен жора-жолдастары құшақ жая қарсы қалды. Кіл мықтылардың арасынан оза шапқан қыздарымыздың қуанышында шек жоқ.

Жәмила Бағжан, жарыс жеңімпазы:

– Жарыс басталар кезде қатты толқығанымыз рас. Бірақ бәрі ойдағыдай өтті. Қазақстанның көк туын желбірету үшін барынша тырыстық. Көрсеткен нәтижемізге ризамыз. 

Енді сәуірдің 21-і мен 22-сі аралығында Алматыда эстетикалық гимнастикадан ел кубогы жолындағы жарыс өтеді. Одан кейін спортшыларымыз Испаниядағы әлем чемпионатына барады. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Ерлан Әбжанов, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы