379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған турнир басталды

  • 117
  • UPD: 23:54, 16.04.2019

Қызылордада әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған «Көктем жұлдыздары» республикалық ашық турнирі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәнерлеп сырғанаушылардың сайысына елеміздің әр өңірінен 150-ге жуық өрен қатысуда.

Тартысты турнирдің тағылымды тұсы да аз болған жоқ. Төрт айналымдық сальхов жасап әлемді аузына қаратқан Элизабет Тұрсынбаеваны дүбірлі додаға қатысушы балғындар асыға күтті.

Мұз ханшайымы әсемдікпен астасқан сүйікті қойылымдарының бірін мүдірмей билеп шықты. Оның өнеріне деген құрмет пен ыстық ықыласты қаумалаған жанкүйердің жылы лебізінен байқадық.

Элизабет Тұрсынбаева, әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

– Менің бүгінгі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгінгі жарысқа қатысушы, мәнерлеп сырғанауға қызығушы балалар өте көп. Мен дәл мұндай жоғары деңгейде өтеді деп ойламадым. Осындай қолдаудың арқасында алдағы халықаралық жарыстарда жеңіске жетуге тырысатын боламын. Елімнің намысы мен абыройын асқақтату – басты арманым.

Жарысқа 6 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысуда.

Мұзда өрнек салған өрендердің өнеріне қарап, өр биіктерді бағындыруға шын бел буғанан байқауға болады. Мәселен, 8 жастағы Нариман Молдабектің мәнерлеп сырғанауды үйреніп жүргеніне бір жылдай ғана болса да, аймақтық жарыстарда бірнеше рет жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген.

Лариса Давыдова, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы /Қызылорда/

– Қазақстан үшін, қызылордалық жастар үшін Элизабет алға жетелуші, жол сілтеуші жұлдыз дер едім. Біз оны мақсат тұтамыз, әрқашан қолдаймыз. Бұл турнир балалардың шеберлігін шыңдауға, мәнерлеп сырғанауды дамытуға мүмкіндік береді.

Нұрлан жақыпбеков, тілші:

– Пышақтың жүзіндей конькимен мұз үстінде ойнай салу оңай емес. Алайда мына балғындар күрделі элементтерден де жүрексінбейді. Есімі тарихта алтын әріптермен қашалған Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған турнирдің түпкі мақсаты да жаңа дарындарға жол ашу және олардың арасынан нағыз чемпиондар шығады деп сенеміз.

Авторы: Нұрлан Жақыпбеков

Хабар 24 телеарнасы