379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда мүмкіндігі шектеулі жандар спорттың 30-ға жуық түрімен айналыса алады

  • 227
Оралда мүмкіндігі шектеулі жандар спорттың 30-ға жуық түрімен айналыса алады

Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың 30-ға жуық спорт түрімен айналысуына жағдай жасалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мүгедектердің арнайы спорт клубы ашылғаннан бергі 2 жылда жергілікті 20 спортшы ұлттық құрамаға мүше болыпты.

Батысқазақстандық мүгедек спортшылардың соңғы жылдардағы табысына Азон Шаймардановтың қосқан үлесі қомақты. Биыл 55-ті еңсерген жігіт ағасы бұрын Маңғыстау облысында тұрған. 92 жылы полицияда істеген кезінде жол апатына ұшырапты. Өртенген көлік ішінде қалып, аяғынан айырылған екен. 

Азонның өмір сынағын мойымай еңсеруіне спорт көмектесіпті. Ол 1995 жылы отырып волейбол ойнауды үйренеді. Кейін пауэрлифтингке ауысады. 165 келі көтеріп, ел рекордын жаңғыртады. Ал алты жыл бұрын туған жері Оралға оралады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубын ашады. Күні бүгін мұнда 200-ден астам спортшы бар. Олар үшін спорт зал тек жаттығар орын емес, өзара араласып, өмірге құлшынысын оятар орта іспетті. «Осында келгелі өмірім өзгерді», – дейді 30 жасар Бауыржан. Ол былтыр жол апатына ұшырап, екі аяқтан айрылыпты.

Бүгінде облыс құрамасында 200-дей спортшы болса, тағы 2 мыңдай мүмкіндігі шектеулі жан спортзалға тұрақты барады. Оларды қолдауға былтыр бюджеттен 60 миллион теңге бөліпті. Спорт клубы басшылығының қамқорлығы арқасында мүгедектер тек спортта ғана емес, бизнесте де табысқа кенелуде.

Мүгедектердің денсаулығын шыңдап, өмірге құштарлығын арттыруда спорттың маңызы ерекше. Мүмкіндігі шектеулі жандардың шексіз мүмкіндіктері болатынын дәлелдеген жандардың өмірі – өзгелерге өнеге.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы