19 сәуірде қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен бұған дейін жеңіліп көрмеген канадалық Стив Роллс жекпе-жегіне билеттер ресми сатыла бастайды.
Бұл жайында GGG Твиттердегі парақшасында жазды.
«Үлкен драмалық шоудың барлық жанкүйері 8 маусымда өтетін менің жекпе-жегіме билеттердің алдын ала тапсырысын мына сілтеме бойынша бүгін, жұма күні сағат 09.00-ден бастап рәсімдей аласыздар. Паролі: GGG», - деп жазды боксшы. Сатылымға түскен билеттердің бағасы 50, 100, 200, 300, 500 және 750 долларды құрайды.
Айта кетейік, бұл айқас Головкиннің кәсіби мансабындағы 41-жекпе-жегі. Ол мұның алдындағы айқастарда 38 рет жеңіп, 34-ін нокаутпен аяқтады. Сондай-ақ боксшының пассивінде 1 тең нәтиже мен 1 жеңіліс бар. Ол бұл нәтижелерді мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альвареспен айқас өткізгенде көрсеткен болатын. Қазақстандық боксшы 8 маусымда Нью-Йорктегі (АҚШ) Madison Square Garden аренасында 35 жастағы канадалық боксшы Стив Роллспен (19-0, 10 КО) кездесетінін бұған дейін жазған едік. Стив Роллс кәсіби боксқа 2011 жылы ауысып, екінші орта салмақта (76,2 келі) өнер көрсете бастады. Жекпе-жектердің басым бөлігін өз елінде өткізді. Алты рет АҚШ-та жұдырықтасты. С.Роллс осы уақытқа дейін бірде-бір рет жеңілмеген. 19 жекпе-жекті 10 рет нокаутпен аяқтаған.