378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Федерация кубогы: Қазақстандық теннисшілер бүгін жекелей сында бақ сынайды

  • 160
  • UPD: 15:40, 21.04.2019

Юлия Путинцева теннистен Федерация кубогының екінші әлемдік тобындағы кезекті матчында жеңіске жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы жалпы есеп теңесті.

Тартысқа толы кездесулер Ұлыбританияда өтіп жатса да, ұлттық құраманы қолдауға келген қазақстандықтардың қарасы қалың. Сондықтан Копер бокс аренада теннисшілеріміз қолдаудан кенде болған жоқ. Теннистің Англияда пайда болғаны белгілі. Дегенмен жанкүйерлік танытуда отандастарымыз да барын салды.  

Ұлттық құраманың сапында алғаш болып ойынға Зарина Дияс араласты. Өкінішке қарай, ол қарсыласқа жол берді. 

Зарина Дияс, теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:

– Екінші сет қиын болды. Алғашқы үш гейм де оңай болмады. Қарсыласым мықтылық танытты. Оны мойындау керек. Екінші сетте ол менен жақсы ойнады. Маған жылдамдық жетіспеді.

Екінші болып кортқа Юлия Путинцева шықты. Ұлыбританияның үкілеген үміті Кэти Болтермен болған ойында қазақстандық теннисші жанкештілік танытып, жеңісті жұлып алды. Есеп 3-6, 6-2, 7-6. Юлия алғашқы сетті қарсыласына беріп қойғанымен, кейінгі екеуін өз еншісіне жазды.

Юлия Путинцева, теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:

– Жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Олардың көмегінсіз жеңіске жетпейтін едім. Қазақстандық жанкүйерлер әндерімен, қолдау сөздерімен маған жігер сыйлап отырды.

Бүгін тағы үш матч өтеді деп жоспарланып отыр. Әуелі екі теннисшіміз жекелей сында бақ сынайды. Ал есеп теңесіп жатса, жеңімпаз жұптық сында анықталады. 

Авторлары: Лариса Гречихина, Мейрамбек Ахмаханов

Хабар 24 телеарнасы