378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Барселонаны» жеңген «Қайрат» финалға шықты

  • 226
  • UPD: 23:38, 26.04.2019
«Барселонаны» жеңген «Қайрат» финалға шықты

Бүгін Алматыда УЕФА Чемпиондар лигасының Төрттік финалы басталды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Жартылай финалдың екінші ойынында каталониялық «Барселона» мен алматылық «Қайрат»  командалары кездесті.

Матчтың басы қауіпті шабуылдарымен есте қалмады. Әйтсе де 6-минутта «Барселонаның» капитаны Лозано ұрымтал тұстан «Қайраттың» бос қақпасын көздей алған жоқ. Жалпы алғанда, ойынның басында каталониялықтар допқа көбірек иелік етті.

Бірінші таймның ортасында «Барселона» есеп ашуға жақын болды. Бірақ қонақтардың қатарынан жасаған екі соққысы да бағанаға тиді.

Артынша командалар алма-кезек соққылармен алмасып отырды. Бірақ барлық жағдайда оларға дәлдік жетіспеді.

Алғашқы тайм аяқталарға 3 минут қалғанда алматылық клуб сапынан Тайнан қонақтарға гол соғуға ұмтылғанымен, доп қақпадан сәл қиыс кетті. Үзіліске дейін есеп ашылған жоқ.

Ал екінші тайм алматылықтар үшін сәтті басталды. Тайебидің жойқын соққысын «Барселона» қақпашысы тоқтата алмады. Есеп – 1:0. Бұған каталониялықтар Хуанхоның орындауындағы айып соққысымен жауап қатқан – Игита орнынан табылды.

Кездесудің 27-минутында Тайнан алматылық клубқа екінші голды сыйлады. Есеп – 2:0. Бұл голдан кейін каталониялықтар ашуға жол беріп, жиі ойын тәртібін бұзды. Сондай сәттердің бірінде Хоселито екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды.

Ойынның аяқталуына 2 минут қалғанда алматылықтар есеп санын тағы да ұлғайтты. Бұл жолы гол соққан – Джон Леннон. Араға минут салмай, қарсыластар есеп айырмасын қысқартты. Барселоналықтардың капитаны Лозано жақын бұрышқа дәл соққы жасады. Соңғы минутта Эдсон гол соғып, есеп қайта өзгерді. Бірақ бұл да қорытынды есеп емес. Соңғы ысқырыққа 49 секунд қалғанда Диего «Барсаның» матчтағы екінші голын соқты. Бірақ соңғы сөз алматылықтарда қалды. Соңғы секундтарда Дуглас бос қақпаны дәл көздеді. Қорытынды есеп – 5:2, «Қайрат» финалға жолдама алды.

Айта кетейік, испаниялық «Интер» португалиялық «Спортингтен» ұтылып қалған болатын. Осылайша, Испанияның екі командасы да жартылай финалда сүрінді.

Ал финалдық бәсекеде «Қайрат» пен «Спортинг» өзара сынға түседі.

«Барселона»: 12 Хуанхо (Қ), 2 Айкардо, 7 Диего, 8 Адольфо, 14 Эскердинья

Резервте: 1 Плана (Қ), 4 Рожер, 5 Лео Сантана, 6 Бойис, 9 К Лосано, 10 Марио Ривильос, 13 Хоселито, 17 Артур.

«Қайрат»: 2 Игита (Қ), 6 Эдсон, 7 Ранжел, 9 Джон Леннон, 10 Тайнан

Резервте: 13 Дуду (Қ), 8 К Сулейменов, 11 Диего, 12 Турсагулов, 14 Дуглас Жуниор, 15 Тайеби, 16 Нұрғожин, 17 Оразов, 18 Есенаманов

26 сәуір.  Алматы,  «Алматы Арена».  12 090 көрермен.

Хабар 24 телеарнасы