378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2020 жылғы жазғы Олимпиаданың нақты кестесі белгілі болды

  • 222
  • UPD: 09:10, 29.04.2019

2020 жылғы жазғы Олимпиаданың нақты кестесі белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйымдастыру комитеті оны өз сайтында жариялап, билеттер сатылатын арнайы веб-сайт құрған.

Жапония осымен екінші рет жазғы Олимпиаданы атқармақ. Жарыстардың көбі 1964 жылғы ойындар үшін салынған нысандарда өтеді.

Әлемнің ең басты спорт шарасының басталуына бір жылдан аса уақыт қалды. Билеттер алдымен Жапония тұрғындарына сатылатын болды. 9 мамырда арнайы сайтта лотереяға қатысуға тапсырыстар қабылдай бастайды. Содан кейін билеттер еркін саудаға түседі. Бағалары әр түрлі. Топпен барғандарға 7 мың , ал жеке азаматтарға 9 мың теңгеден басталады. Ал олимпиаданың ашылу салтанатына ең арзан билет 42 мың теңге шамасында. Ең қымбаты 2700 доллар тұрады.

Татеру Йошино, Токио қаласының тұрғыны:

– Осы ойындарға барғым кеп тұр, өйткені осыдан кейін ондай мүмкіндігім бола бермес. Қазір жасым 66-да, сол себептен өз көзіммен Олимпиаданы көру мен үшін маңызды. Әсіресе жүзу, жеңіл атлетика мен марафон жарыстарына барғым келеді.

Олимпиаданың басты нысаны - Ұлттық стадион. Дәл осы жерде 24 шілдеде ойындардың ресми ашылу салтанаты өтеді.  Ұлттық командалар спорттың 33 түрінен сайысқа түседі.

Кумико Иса, Токио қаласының тұрғыны

– Олимпиада туған жерімде өтетін болғандықтан, бәрін өз көзіммен көргім келеді. Жұмысым спортпен байланысты, сол себептен қатысушыларға ерікті ретінде көмектесуді көздеп отырмын.

Такаки Харима, студент:

– Қазір Токиода тұрып жатырмын, сондықтан Олимпиадаға барғым келеді. Туған қаламда әрине ондай мүмкіндігім болмас еді. Осыған дейін Жапонияда 1964 жылы өткен. 60 жылда бір-ақ рет туатын осындай мүмкіндікті жіберіп алмау керек.

Тамыздың тоғызында Ұлттық стадионда Олимпиаданың жабылу салтанатын өткізу жоспарланған. Ал көп ұзамай, 25 тамызда Паралимпиада ойындары басталады.

Авторы: Айгерім Оразалиева

Хабар 24 телеарнасы