379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Манчестер Сити» Англия чемпионы атанды

  • 119
  • UPD: 15:28, 13.05.2019
«Манчестер Сити» Англия чемпионы атанды Eurosport

Қазақстан премьер-лигасының 10-турында ел чемпионы «Астана» сүрінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Таразға» қонаққа барған елорда командасы 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Дәл осындай нәтижемен «Ертіс» «Ордабасыға» жол берді. «Шахтер» «Жетісудан» басым түсті. Есеп – 2:0. Қызылордада «Тобылды» 5:1 есебімен ойсырата жеңген «Қайсар» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. «Қайрат» қатарынан үшінші ойында ұтылып, алтыншы орынға түсіп қалды. Алматы командасы елордада «Атыраумен» кездесіп, 1:2 нәтижесімен есе жіберді. «Оқжетпес» сырт алаңда «Ақтөбені» ұтты. Есеп – 2:0. 

«Манчестер Сити» Англия чемпионы атанды 

«Манчестер Сити» Англия премьер-лигасында қатарынан екінші жыл топ жарды. Пеп Гвардиола шәкірттері соңғы турға дейін «Ливерпульпен» бас жүлдеге таласып келді. «Сити» 38-турда «Брайтонға» қонаққа барып, 4:1 есебімен басым түсіп, чемпион атанды. 98 ұпай жинаған команда «Ливерпульден» бір ұпайға озып кетті. «Манчестер Сити» биылғы маусымда премьер-лигада топ жарып қоймай, Англия суперкубогы мен лига кубогын ұтып алды. Енді Гвардиола командасы 18 мамырда «Уотфордпен» Англия кубогын сарапқа салады. 

Пеп Гвардиола, «Манчестер Сити» ФК бас бапкері:

- Өткен маусымдағы қателіктерден қорытынды шығарып, биыл күшейе түстік. Біз ойын үлгімізді көп өзгерткен жоқпыз. Командамыз шабуылда жүргенді жақсы көреді, әрі жігіттер өзін ыңғайлы сезінеді. Қорғанысқа қарағанда алғы шепте жақсы ойнаймыз. Командалар бізге қарсы кездесуде қақпаларынан шыға алмай қалады. Қарымта шабуылға да мықты тосқауыл қойып жүрміз.    

Shymkent Challenger халықаралық турнирі аяқталды

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Жапониядағы халықаралық турнирдің финалында Хизер Уотсоннан жеңіліп қалды. Ал Shymkent Challenger-де словакиялық Андрей Мартин топ жарды. Финалда ол қазақстандық Дмитрий Попконың осал тұсын тапты. Есеп – 5:7, 6:4, 6:4. Матч екі сағат 55 минутқа созылды. Шымкенттегі жеңістен кейін 29 жастағы словакиялық спортшы 80 рейтингілік ұпай алып, 7200 доллар сыйақыға ие болды.

Хабар 24 телеарнасы