387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылық спортшы аймақта спорттық акробатиканы дамытпақ

  • 560
  • UPD: 14:29, 15.05.2019

Қарағандылық спортшы Никита Амоскин аймақта спорттық акробатиканы дамытуды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы  жас спортшыларға тәлімгер болу үшін қазір жоғары оқу орнында білімін шыңдауда. Сонымен қатар Никита – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ілінген жастардың бірі.

Никита Амоскин Қарағанды қаласында өтетін жаттығуларына күнделікті Новодолинск елді мекенінен келеді. Спортшы аптасына алты рет 3-4 сағаттан жаттығады.

19 жасар Никита Амоскин мен 16 жастағы Анастасия Долганюк жастар арасында акробатикадан өткен әлем чемпионатында алтын медальға ие болды. Әлемдік жарыстарда чемпион болу оңай емес, қасыңдағы серіктесің де сенімді болуы тиіс дейді жас спортшы. Сол себепті спорттық жұптың жасы, салмағы мен бойы үйлесімді, белгіленген талаптарға сай болғаны абзал. Сондай-ақ  серіктестердің өзара психологиялық үйлесімділігі де маңызды.

Никита Амоскин, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы:

– Біз Анастасия Долганюкпен 8 жыл жұп болып өнер көрсетіп келеміз. Бұл уақыт ішінде бірнеше рет Қазақстан, екі мәрте Азия чемпоны атандық. 2018 жылы спорттық акробатикадан әлем чемпионы атағына ие болдық. Әрине арамызда түсініспеушілік те болып тұрады, жаттығулар кезінде дауласып та жатамыз, дегенмен серіктес болғаннан кейін тіл табысып келеміз.

Бұл – Никита мен оның спорттағы жұбы Анастасияның Бельгияда өткен әлем чемпионатында көрсеткен өнері. Дәл осы байрақты бәсекеде қос саңлақ алтыннан алқа тағып, көк байрағымызды көкте желбіреткен еді.

Бастапқыда Никита атасының жолын қуып, грек-рим күресіне бет бұрған. Ал акробатикаға тек 9 жасында келген. Бүгін оның қоржынында 70 медаль бар.

Ботакөз Байбақұшева, жаттықтырушы:

– Никита келген бойда дайындық тобында жүрді. Өзінің ұстамдылығы және бірбеткейлігімен бірден көзге түсті. Тынымсыз еңбек етіп, аз уақыттың ішінде жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Оның болашағынан зор үміт күтеміз, спортта бағындырар биігі әлі алда.

Никита – отбасындағы екі баланың кенжесі. Қазір Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетінде оқиды. Оның ендігі арманы – спорттық акробатиканы дамытуға барынша үлес қосып, жасөспірімдерге жаттықтырушы болу.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы