382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Францияда алғаш рет көкпар ұйымдастырылды

  • 233
  • UPD: 14:51, 28.05.2019

Қазақ халқының ұлттық ойыны – Еуропада.

Дәстүрлі «Табиғат пен Аңшылық» мерекесіне орай Францияда алғаш рет көкпар ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Фонтенбло – француз корольдерінің  қаласы. Бұл жерде аңшылар сайысқа түсіп, оқ бойы оза шапқан үздігін анықтайды. Биылғы дәстүрлі сайыс бұрынғыдан өзгерек. Себебі қатысушылар бақ сынасатын байқаулардың арасында қазақтың ұлттық ойыны көкпар бар. Француздар бұл ойынды полоға ұқсатып отыр. 

Данияр Даукей, көкпар жастар лигасының президенті:

- Бүгінгі шара қазақ елінің салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттауда үлкен әрі маңызды іс болды дер едім. Француз халқы ежелгі дәстүрлерді құрметтейді. Көбісі ұлттық ойынымыздың шарты мен атауына, тарихына қызығушылық танытуда. Бұл қазақ елінің ежелгі ойынының жаңаша, заманауи түрі екендігін түсіндіріп өттім.

Қазақстандық көкпаршылар сайысқа дайындық үстінде. Жарысқа барлығы 6 ат қатысады. Оның төртеуі ұлттық ойынның бұл түрінде шауып көрмеген. Біздің отандық спортшылар бірнеше күнде аттарды жарысқа сақадай сай етіп дайындады. Ұлы даланың ұлы ойыны француздық көреремендердің көңілінен шықты.

Фредерик Вальту, Фонтенбло мэрі:

- Фонтенбло қаласында Қазақстанның достарына арналған қауымдастық бар. Олар қазақ елінің тарихын, салт-дәстүрін Франция еліне танытуды мақсат еткендер. Осындай адамдардың арқасында қазақ мәдениетіне аса қызығушылық танытқандардың саны артуда.

Көрермен:

- Бүгінгі ойын өте тамаша әрі ерекше өтті. Бұрын-соңды Францияда мұндай қызық шараны көрмеппін. Барлық споршыларға осындай көңіл-күй сыйлағаны үшін алғыс айтқым келеді.

Ойын соңында көрермен ду қол шапалақ ұрып, алғыстарын білдірді. Француздар көкпар ойыны жергілікті ипподромдарда да ұйымдастырылса екен деген тілектерін жеткізді.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы