«Бұл серияны жеңіспен аяқтау маңызды». Головкин басқа салмаққа өтуі мүмкін
- 841
- UPD: 12:48, 30.05.2019

Орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен (52-1-2, 35 КО) міндетті түрде жұдырықтасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Головкиннің ойынша, «Канеломен» үшінші жекпе-жек биыл қыркүйекте өтеді.
«Бұл жекпе-жек өтеріне кәміл сенемін. Бұл серияны жеңіспен аяқтау мен үшін маңызды. Бір табандап ілгерілеу керек. Алдымен Альвареспен жұдырықтасайын, басқа салмаққа өтем бе, оны кейін шешеміз», - деп келтіреді Головкиннің сөзін BoxingScene.com.
Алайда Головкин бұған дейін 8 маусымда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында жеңілмеген канадалық Стив Роллспен (19-0, 10 КО) жұдырықтасады. Кездесу 164 фунтқа дейінгі аралық салмақта өтеді.
Ал «Канело» биыл мамырда Дэниэл Джейкобсты (35-3, 29 КО) жеңді. Осылайша, мексикалық WBC, WBA (Super) белбеулеріне IBF титулын қосып алды. Головкин бұл жекпе-жекті тамашалады және «іш пыстырар спаррингтен» көңілі қалғанын айтқан.