389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Назарбаев университетінде Атлетика орталығы ашылды

  • 469
  • UPD: 20:33, 31.05.2019

Елбасы Назарбаев университетіндегі Атлетикалық орталықтың ашылуына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл орталық студенттерді шынықтырып қана қоймайды, алдына Қазақстандағы спорттық медицинаны дамыту мақсатын қойып отыр.

Білімді әрі шымыр. Бізге санасы озық, тәні сау жастар керек. Бірақ бұл Атлетикалық орталық студенттерді шынықтырумен ғана шектеліп қалмайды. Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанда спорттық медицинаны дамыту. Елбасы ашқан «Атлетикалық орталық» Қазақстанда, тіпті тұтас Орталық Азия аумағында ғылыми-спорттық кластерге айналуды көздеп отыр.

Максим Крят, «Nazarbayev University» спорттық кешендері басқармасының басшысы:

– Спортты да цифрландыруға болады. Біздің универсиеттің идеясы – біздің үздік атлеттерді санға аударып, олардың гендік деректерін сақтап, сол мәліметтер арқылы болашақ спортшыларды даярлау. Ол үшін атлетикалық орталықтың базасында үздік ателттер тестен өтеді, сондай-ақ жасөспірімдер спорт мектебінің де спортшылары осындай арнайы тестен өтеді. Мінсіз спортшының үлгісін ала отырып, гендік моделі сәйкес келетін жас спортшының қабілетін әрі қарай дамытатын боламыз. Жаттықтырамыз, методика таңдаймыз, осылайша чемпиондарды әзірлейтін уақытты қысқартамыз.

Спорт ғимаратының аумағы – ат шаптырым, 19 000 шаршы метр. Онда студенттердің спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған, сондай-ақ спорт сарайына мүмкіндігі шектеулі адамдар да кедергісіз кіріп, шұғылдана алады. 660 көрерменге арналған олимпиадалық бассейн және паркеттік аренасы тағы бар. Сондай-ақ мұнда сквош-корт, жекпе-жек залы, жаттығу залы, семсерлесу орны, кафетерийлер мен кеңселік үй-жайлар да қарастырылған.

Назарбаев университетінің атлетикалық орталығы Ұлттық Олимпиада және Паралимпиадалық комитетпен тығыз жұмыс істейді. «Атлетикалық орталықтың» іске қосылуымен Қазақстандағы спорттың сапасы артып, ал чемпиондардың саны еселене түседі деген сенім бар.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев, Хасен Омарқұлов

Хабар 24 телеарнасы