378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылықтар Денис Тенді еске алды

  • 227
  • UPD: 23:35, 13.06.2019

Бүгін Еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің туған күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарқ етіп сөнген жұлдызды артында қалған жұрты жоқтап, тағы бір мәрте еске алды.

Марқұм Денис Теннің көзі тірі болғанда бүгін 26 жасқа толар еді. Жасындай жарқырап, биік белестерді бағындырсам деп алға ұмтылған дарынды спортшының өмір оты тым ерте сөнді. Спортсүйер қауым бүгін таңмен таласа келіп Денисті пышақтаған жерге гүл шоқтарын қойды.

Рая Асқарова, тұрғын:

- Біздің Қазақстанға көп үлесін қосты. Өте мықты азамат. Сол азаматты жоғалтып алғанымызға қиналамыз.

Рауия Қайназарова, тұрғын:

- Бұл бала сондай кермет болды. Бірақ, әттең, не істейсің? Ерте кетіп қалды, тағдыры сол болған шығар. Бұл баланың еңбегі зор ғой. Байтақ еліміздің керемет баласы болды.

Бала кезінен музыка мен конькиге әуес болған Денистің шығар шыңы әлі алда еді. Ол 12 жасында Қазақстанның ең үздік мәнерлеп сырғанаушысы атанды. Мәнерлеп сырғанаудан қазақ елінің тарихындағы алғашқы жүлдегер. Оған қоса төрт құрлық арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы. Марқұмның қысқа ғұмырында бағындырған белестерін бүгінгі жастар үлгі тұтады. 

Құралай Узурова, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

- Денис Теннің жеткен жетістіктерінің арқасында қазір мәнерлеп сырғанау спорты қарқынды дамып келе жатыр. Балалар сондай шебер спортшы болғысы келеді. Әрине, өкінішті. Жоғалтып алғанымызға бір жыл болды. Көзі тірі болса, осындай шеберлік көрсету үшін келіп кетер еді.

Денис спорт әлеміне жылдам келіп, асығыс кетті. Алға қойған мақсаты аяқтаусыз қалды. Өткен жылдың 19 шілдесінде қылмыскерлер салған пышақ жарақатынан қаза тапты.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы