389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада триатлоннан әлем кубогының кезеңі өтеді

  • 384
  • UPD: 08:59, 14.06.2019

Алдағы сенбіде елордада триатлоннан әлем кубогының кезеңі өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде екінші мәрте ұйымдастырылатын халықаралық турнирге 37 елден 130 спортшы қатысады. Кәсіпқой атлеттер арасындағы жарыстан кейін жексенбі күні әуесқойлар сайысқа түседі. Қазақстан кубогының төртінші кезеңінде «Темір адам» анықталады.

Алдағы әлем кубогы кезеңінде Қазақстан атынан Семен Пивоваров пен Арина Шульгина сайысқа түседі. 26 жастағы Арина әзірге бейтарап тудың астында өнер көрсетеді. Қазақстан триатлон федерациясының өкілдері, азаматтығын ауыстырған спортшы қыздың келесі маусымда еліміздің атынан жазғы олимпиада ойындарына қатыса алатынын айтады. Отандық мамандар Шульгинаға үлкен үміт артып отыр. 

Ерлер құрамасының көшбасшысы Аян Бейсенбаев елордадағы әлем кубогы кезеңіне қатыспайды. Спортшы өз жоспары бойынша жеке бағдарламасымен дайындалып жатқан көрінеді.

Максим Крят, Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы:

– Аян жарысқа қатысатындар тізімінде болған. Алайда ол соңғы сәтте жарысқа шығудан бас тартты. Федерация спортшылардың тізімін береді. Ал атлет қатысу-қатыспауды өзі шешеді. Аян Бейсенбаев бір аптадан кейін өтетін Азия чемпионатына дайындалып жатқан болуы мүмкін.

Елордадағы әлем кубогына келген 130 триатлоншының бірі – Дмитрий Полянский. Үш бірдей олимпиада ойындарына қатысқан тәжірибелі спортшы былтыр осы турнирде топ жарған болатын. Ресейлік атлетке жарыс жолының қалтарыстары мен бұрылыстары жақсы таныс.

Дмитрий Полянский, триатлоншы:

– Мұндағы жарыс жолы маған ұнайды. Жүзуге арналған орын ыңғайлы, жылдамдық қоссаң болады. Жүгіру жолы да керемет триатлон парктің ішінде орналасқан. Ең бастысы ауа райы жақсы. Сенбі күні 15 градус болады деген болжам бар. Маған керегі осы. Жаңбыр жаумаса болғаны. 

Әйелдер арасындағы сайыста Ай Уеда бар. Жапониялық атлет екі мәрте олимпиада ойындарына қатысып, Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанған. Жарақатынан айыққан жапон қызы өз елінде өтетін жазғы олимпиада ойындарында жүлде алуды көздейді.

Ай Уеда, триатлоншы:

– Ауа райы аздап салқын екен. Бұл мен үшін жақсы, салқын суда жүзгенді ұнатамын. Ал жүгіру жолы күрделі болмақ. Жарыс бағдары қиын бұрылыстардан тұрады. Соған қарамастан жүлделі орыннан үмітім бар. 

Елордадағы әлем кубогы кезеңінде спортшылар рейтингілік ұпайлардан бөлек, қомақты қаржыға да ие болады. Элиталық жарыстың жүлде қоры 60 мың долларды құрайды. Кезең жеңімпазы 10 мың доллар алады. Ұйымдастырушылар Қазақстанда әлем кубогының кезеңін өткізуге 170 мың доллар жұмсалғанын айтады.   

Максим Крят, Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы:

– Халықаралық триатлон федерациясының талабы бар. Ресми делегациялар мен спортшылардың шығынын ұйымдастырушылар өтейді. Қала әкімшілігі жедел жәрдем, өртке қарсы қызмет, жолдарды шектеу секілді бағыттар бойынша көмектеседі. Жарыс алаңын дайындауға да қосымша шығын кетеді. Олардың барлығы халықаралық талапқа сай болу керек. 

Триатлоннан әлем кубогы кезеңінің өтуіне байланысты демалыс күндері елордада көлік қозғалысына шектеу қойылады. Бүгіннен бастап Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқпанов, Сарайшық, Мәңгілік Ел, Шалқыма және Шарль де Голль көшелерінде жол қозғалысы шектеледі.  

Сенбі күні таңғы сегізде элиталық топтағы әйелдер арасындағы сайыс басталады. Сосын жарыс жолына жігіттер шығады. Жексенбіде Қазақстандық әуесқойлар «темір адам» атағына таласады.

Авторы: Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы