389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Соққысы жойқын ШҚО тумасына шетелдік құрамалар қызығушылық танытуда

  • 333
  • UPD: 16:16, 15.06.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай қаласында 11 сынып оқушысы Анна Захарова ұлттық жекпе-жекпен айналысып, талай сайыста топ жарып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тіпті соңғы бір жылда Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды.

Алтайдың абыройын асқақтатып тұрған Анна Захарова осы. Қаладағы №8 мектеп ішінен ашылған жекпе-жек спорт клубының тәрбиеленушісі. Айтуынша, ол бастапқыда футболға әуестеніпті. Алайда жекпе-жектің бір жаттығуына қатысқан соң осы спортқа ден қойған. Осылайша 2017 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ал өткен жылы жекпе-жектен спорт шебері атанды. Соққысы жойқын қызға шетелдік құрамалардың да аңсары ауа бастапты.

Анна Захарова, жекпе-жектен спорт шебері:

- Бірақ мен өз мектебімді, туып-өскен қаламды тастағым келмейді. Тіпті кейін басқа жақта оқысам да түбінде осы жаққа келіп қыздарды жекпе-жек спортына тартуға үлес қоссам деймін. Өйткені әрбір қыз өзін, жақындарын қорғай алуы тиіс.

«Аннаның әр қимылы нәтижелі», – дейді жаттықтырушылары. Мәселен, былтыр Павлодарда өткен чемпионатта ол өз қарсыласын 9 секунд ішінде құлатыпты.

Қайсар Жұмақанов, жаттықтырушы:

- Республикалық чемпионат кездерінде Анна Захарованың аты-жөнін естіген кезде рингке шықпай, кейбір қарсыластар бастарын тартып, жарыстан кетіп қалған жағдай болған.

Аннаның жетістігі замандастарына үлгі. Сондықтан ауданда жекпе-жекпен айналысушылар қатары артып келеді.

Темірлан Коршунов, спорт клубының тәрбиеленушісі:

- Жекпе-жектің тәрбиелік мәні зор. Кішіге қамқорлық,үлкенге құрмет көрсетуге баулиды. Сабырлы мінез қалыптастырады. Өзіңді де, жақындарыңды да қорғауға үйретеді.

Ашылғанына 4 жыл ғана болса да, жекпе-жек клубының жетістігі көп. Жас спортшылар тек облыстық қана емес, тіпті халықаралық, әлемдік деңгейдегі сайыстарда жүлделі орындар алып, өз өлкесінің мақтанышына айналған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Руслан Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы