383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маррей жұптық сында жеңіске жетті

  • 162
  • UPD: 10:30, 24.06.2019
Маррей жұптық сында жеңіске жетті Eurosport

Қазақстандық Адиля Тілекенова көркем гимнастикадан Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатында бесінші медаліне қол жеткізді.

Жерлесіміз ұршықпен жаттығуда екінші орынға ие болды. Бұған дейін Тілекенова шығыршықпен өнер көрсетуде құрлық біріншілігінің күмісі мен өзге бағдарламаларда үш қола жүлде ұтып алған-ды. Қазақстан құрамасы сапындағы Айдана Шакенова да Азия чемпионатында екінші орыннан көрінді.

Футбол. «Тобыл» – «Оқжетпес» – 2:0

Қазақстан премьер-лигасы қыза түсті. Бұған дейін жеке-дара топ бастаған «Астананы» «Тобыл» қуып жетті. 15-турда Қостанай командасы «Оқжетпесті» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін алаңға Себаи Сенин шықты. Кот д’Ивуар футболшысы шабуылға дем беріп, бірден іске кірісті. «Тобыл» ойыншысы 58-минутта гол соқты. Газзаев шәкірттері 69-минутта нәтижені еселей түсті. Бұл жолы Азат Нұрғалиев кезек алып, осы маусымдағы жетінші голын еншісіне жазды. Қорытынды есеп – 2:0. «Тобыл» чемпиондық атаққа қарай қадам жасады. Қостанайлықтар келесі турда «Жетісуға» қонаққа барады.

Талдықорған командасы кеше «Қайратпен» ұпай бөлісті. Алматыдағы кездесуде есеп ашылған жоқ. Ел чемпионы «Астана» «Ордабасыға» қонаққа барып, 2:3 есебімен жеңіліп қалды. «Қайсар» «Таразбен»тең ойнады. Есеп – 1:1. Дәл осындай нәтижемен «Атырау» – «Ақтөбе» матчы да аяқталды. «Ертіс» – «Шахтер» арасындағы кездесуде есеп ашылмады. Өзгелерден екі ойын артық өткізген «Астана» 35 ұпаймен топ басында қалды. Алайда елорда командасын «Тобыл» қуып жетті. Үздік үшіктің қатарына «Ордабасы» көтерілді. Шымкент клубында 29 ұпай бар. Сосын «Қайрат» пен «Қайсар» келеді. Турнир кестесінің төменгі сатысында «Ертіс», «Тараз», «Атырау» және «Ақтөбе» қалды.  

Америка кубогы: Колумбия – Парагвай – 1:0

Латын Америкасындағы футбол бәсекесі енді қызады. Топтық кезеңдер аяқталып, мықтылар іріктеліп жатыр. Соңғы турда Колумбия Парагваймен алаңға шығып, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Матчтың 31-минутында Густаво Куэльяр мергендік танытты. Колумбия үш кездесуде тоғыз ұпай жинап, В тобында бірінші орын алды. Парагвай да плей-офф кезеңінен үміт үзген жоқ. Олардың тағдыры С тобындағы нәтижелерден кейін шешіледі.

Америка кубогы: Аргентина – Катар – 2:0

Америка кубогын Аргентина ұтады дегенге сенім аз. Топтық кезеңді ала-құла өткізген Месси әріптестері плей-оффқа әупірімдеп жүріп шықты. Соңғы турда олар осы турнирге «қонаққа» келген Катардан басы түсті. 4-минутта Лаутаро Мартинес есеп ашты. Сосын Аргентина футболшылары гол соғуға асықпады. 82-минутта Серхио Агуэро нәтижені еселеп, матчқа нүкте қойды. Аргентина ширек финалда Венесуэламен кездеседі. Ойын 28 маусымда өтеді.

Маррей жұптық сында жеңіске жетті

Энди Маррей жұптық сында жеңіске жетті. Британиялық теннисші ауыр жарақаттан кейін кортқа оралғаны белгілі. Испаниялық Фелисиано Лопеспен жұп құраған Маррей Квис клаб турнирінің финалында Джо Салисбери – Раджива Рама жұбынан басым түсті. Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы жұптық сындағы жарыстарға қатыса беретінін мәлімдеді. Энди Маррей енді Истбурн мен Уимблдон турнирінде кортқа шығады. Естеріңізге сала кетейік, теннисші жамбас жарақатына байланысты жарты жыл ойнаған жоқ.

Энди Маррей, теннисші:

– Жамбасым ауырмайды. Арқам аздап жарақаттың бар екенін білдіріп қояды. Сондықтан допқа еңкеюде қиындық тудырады. Жұптық сында бұл қиын. Себебі доп төмен ұшады. Қолым да ауырсынады. Бірақ операциядан кейін жамбастағы жарақатты ұмыттым.  

Әлемде олимпиада күні аталып өтті

23 маусымда Бүкіләлемдік олимпиада күні аталып өтті. Спорттық мерекені Париж тұрғындары да тойлады. Шаһардың орталық алаңы спортшылар мекеніне айналып, түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Көпшілік теннис корттарында шеберліктерін байқап, скейт-парк пен жүгіруден сайысқа түсті. Франция астанасында 2024 жылы жазғы Олимпиада ойындары өтетіні белгілі. Сондықтан ұйымдастырушылар қала тұрғындарына кешенді сынның бағдарламасына енген жаңа спорт түрлерін таныстыруды жөн көріпті.

Хабар 24 телеарнасы