384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бүгін Уимблдон турнирі басталады

  • 409
  • UPD: 14:24, 01.07.2019
Бүгін Уимблдон турнирі басталады Газета.Ру

Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова Алматыда өтіп жатқан ел кубогында олимпиада нормативін орындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үш қарғып секіруде 14 метр 37 сантиметрді бағындырған спортшы жарыс жеңімпазы атанды. Бұл көрсеткіш 2020 жылғы Токио олимпиадасының да талабына жауап береді.

Футболдан Қазақстан премьер-лигасы енді қызды. Ел біріншілігіндегі екі мықты «Астана» мен «Қайрат» 16-турды Павлодарда өткізіп, 2:0 есебімен Алматы командасы басым түсті. Елорда футболшыларының мүлт кеткенін «Тобыл» ұтымды пайдаланды. Қостанайлықтар сырт алаңда 1:0 нәтижесімен «Жетісуды» жеңді. «Ордабасы» Шымкентте «Қайсарға» есе жіберді. Есеп – 1:2. «Оқжетпес» «Атырау» қақпасына жауапсыз үш доп соқты. «Шахтер» – «Тараз» – 1:0. «Ақтөбе» 2:1 есебімен «Ертістен» айласын асырды. 16-турдан кейін 38 ұпай жинаған «Тобыл» топ басына шықты. «Астана» екінші орынға сырғыды. Үздік үштікке 32 ұпайы бар «Қайрат» көтерілді. Сосын «Ордабасы» мен «Қайсар» келеді. Осы бестік өзара жүлделі орындарды сарапқа салатын секілді. Турнир кестесінің төменгі сатысында өзгеріс жоқ.

Америка кубогы: Колумбия – Чили – 0:0 (4:5 – пен.)

Бразилияда Латын Америкасының чемпионаты шарықтау шегіне жетті. Өзгелерден оқ бойы озып шыққан үздік төрттік енді бас жүлдеге таласады. Ширек финалда жұрт назарын аударған кездесу Колумбия мен Чили арасында өтті. Екі құрама да құрлықтың мықтысы атанудан дәмелі еді. Чили соңғы екі чемпионатта топ жарса, Колумбия да биылғы бәсекені жақсы бастап, қақпаларына гол жіберген жоқ. Матч жанкүйерлер күткендей нәтижелі болмады. Алғашқы таймда Чили футболшылары ширақ қимылдаса, үзілістен кейін Колумбия басымдық байқатты. Негізгі уақытта есеп ашылмады. Пенальти сериясында 5:4 есебімен Чили ойыншылары мергендік танытып, жартылай финалға жолдама алды. Жеңіс добын Санчес соқты.

Америка кубогы: Уругвай – Перу – 0:0 (4:5 – пен.)

Ширек финалдағы Уругвай – Перу кездесуі де 0:0 есебімен аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Суарес пен Кавани жұбы қанша шабуылға шыққанымен, қарсыластың тасқамал қорғанысын бұза алмады. Перуге ВАР бейнеқайталау жүйесі де көмектесті. Үзілістен кейін Суарес пен Каванидің соққан добын төреші есептеген жоқ. Он бір метрлікте, басқа емес, Луис Суарестің жүйкесі сыр берді. Алғашқы болып пенальти сериясын бастаған футболшы қақпашы Гальеседен айласын асыра алмады. Өзге ойыншылар мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Перу жартылай финалда Чилимен ойнайды.   

Бүгін Уимблдон турнирі басталады

Бүгін Лондонда Уимблдон турнирі басталады. «Үлкем дулыға» жарысының негізгі кезеңінде қазақстандық Юлия Путинцева мен Зарина Диас та ойнайды. Путинцева жапониялық Наоми Осакамен кортқа шығады. Жақында жерлесіміз атақты қарсыласынан басым түскенін айта кетейік. Зарина британиялық Даниэль Коллинзбен кездеседі. Жұптық сында Галина Воскобоева ойнайды. Ерлер арасындағы жарысқа Михаил Кукушкин мен Александр Бублик қатысады.   

Семеняның рекорды

Жеңіл атлет Кастер Семеня 800 метрге жүгіруден әлем рекордын жаңартты. Оңтүстікафрикалық желаяқ қашықтықты 1 минут 55,70 секундта бағындырды. Кастер өзіне тиесілі үздік нәтижені жаңартты.

Олимпиаданың екі дүркін чемпионын Самуэль Сепенг жаттықтырады. Былтыр жеңіл атлеттің бапкері Кастердің аяқ алысына баға беріп, спортшы жаңа рекорды биылғы маусымда бағындыратынын мәлімдеген болатын.

Хабар 24 телеарнасы