389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұнайлы ауылында алғаш рет спорттық-сауықтыру кешені ашылды

  • 403
  • UPD: 21:34, 06.07.2019

Елорда күні қарсаңында Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданында алғаш рет озық үлгідегі спорттық-сауықтыру кешені қолданысқа берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстау ауылының тұрғындары ұзақ жылдар күткен ғимарат инвестор қаражатына салынған. Мұнда бір мезгілде мыңнан астам жеткіншек шыныға алады.

Бұған дейін балаларын Ақтаудағы спорт үйірмелеріне тасымалдап келген ауылдықтар мереке алдында жасалған тамаша тартуға дән риза.

Екі қабатты спорттық-сауықтыру кешені Маңғыстау ауылының Бесшоқы деген тұрғын үй алабында бой көтерді. 466 млн теңгеге бағаланған жобаны жер қойнауын игеруші кәсіпорын қаржыландырған. Зәулім ғимараттың жалпы аумағы 1300 шаршы метрден асады. Мұнда гандбол, баскетбол мен жеңіл атлетикадан бастап бұқаралық спорттың 12 түрінен үйірмелер жұмыс істейді.

Өтеген Сәбитаев, спорттық-сауықтыру кешенінің директоры:

- Қазіргі таңда 12 түрімен шұғылдануға мүмкіндігі бар, Олимпиада чемпиондарды дайындауға мүмкіндігі бар спорт кешені. Бұл тек балалар ғана емес, ауыл тұрғындары және де мүгедек жандарға арналған спорт кешені деп ойлаймын. Бұйырса 15-16 секцияға дейін көтеруге мүмкіндік бар. 1200-1500 балаға дейін жатығу жасауына мүмкіндік жасалған.

Мұнайлыда алғаш рет заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің ашылуына байланысты отыздан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Ғимарат жанындағы футбол алаңы жарақат алудан қорғайтын жұмсақ жабындымен қапталған. Енді теңбіл доп тебуге құмар ауыл балалары үшін аптаның барлық күнінде жаттығу өтіп тұрады.

Еркебұлан Өмірзақ, оқушы:

- Бүгін осы керемет кешен ашылып жатыр. Мұнда барлық спорт түрлері бар екен. Мен футболға 4 жыл бойы қатысып жүрмін. Осы газон жақсы, өте ыңғайлы екен. Құлаған кезде де еш жеріңді ауыртпайды.

Марат Рысбаев, футбол үйірмесінің жаттықтырушысы:

- Арнайы газон төселген футбол алаңы бұған дейін бізде болған жоқ. Мектепішілік спорт залдарында жаттығу өткізіп келдік. Енді Мұнайлыға қарайтын барлық елді мекен балаларын футбол үйірмесіне қабылдауға мүмкіндік бар. Жыл соңына дейін мұнда облыс көлеміндегі спорт жарыстары өтеріне сенімдіміз. Оған үлкен дайындық қажет, демек алда жұмыс көп.

Зәулім кешен аймақтық деңгейдегі спорт жарыстарын өткізуге дайын. Мұндағы ең үлкен спорт залы 160 көрерменге арналған. Дзюдо, күрес, жекпе-жектен сайыста спортшы жазатайым жарақат алып қалса, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілетін кабинет те бар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дусалиев

Хабар 24 телеарнасы