383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чемпиондар лигасы: бүгін «Астана» – «ЧФР Клуж» кездесуі

  • 139
  • UPD: 16:02, 09.07.2019

Чемпиондар лигасы Қазақстанға оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін ел біріншілігінің жеңімпазы «Астана» румындық «ЧФР Клуж» командасымен Еурокубок додасының бірінші іріктеу кезеңі аясындағы алғашқы матчын өткізеді. «Астана-Аренадағы» кездесу кешкі жетіде басталады.

«Астана» мен Румынияның ЧФР командалары Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясындағы алғашқы матчын өткізбек. Қазақстан премьер лигасының соңғы кезеңінде жақын қарсыласын шаң қақтырып, бірінші орынға көтерілді. Енді  алғашқы қарсыласы румыниялық «ЧФР Клуж-бен» сынға түспек.

Роман Григорчук, «Астана» ФК бас бапкері:

– Бірнеше ойында деңгейіміздің төмен болғанын жасырмаймын. Біз ұжым болып жіберген қателіктермен жұмыс істеп, маусымның қалған бөлігін жоғары деңгейде өткізуге тырысамыз. Қазір ойын компонентіне келгенде, бірнеше мәселенің бары рас. Дегенмен соған қарамастан біздің барлық назарымыз ЧФР-де болмақ.

«ЧФР Клуж» қазіргі таңда Румыния чемпионы болып табылады. Топты 90-жылдардағы румындық футбол жұлдызы Дан Петреску басқарады.

Айта кетейік, ол бас жаттықтырушы қызметіне бірнеше ай бұрын ғана тағайындалған болатын. Соған қарамастан отандық чемпионаттың алтын медалін иеленіп, командалық ойындарды айтарлықтай жақсартты. Енді Петреску Еуропаны жаулап алуды жоспарлап отыр.

Дан Петреску, «ЧФР Клуж» ФК бас бапкері:

– Өзіңіз аңғарғандай, біз кездескелі жатқан қарсыласпен деңгейлес ұжымдармен ойын өткіздік. Бұдан артық басқа айтарым жоқ. Өкінішке қарай, соңғы ойында жеңіліп қалдық. Бұл еңсемізді аздап түсірді. Оған қоса «Астананың» өз алаңында өте жақсы ойнайтынын білеміз. Ертеңгі ойын біздің командаға оңайға соқпайтыны анық.

Командалар өзара алғаш рет кездескелі отыр. Ал жалпы құрамаға тоқтала кетсек, босниялық Марин Аничич жарақатына байланысты ойыннан тыс қалғалы отыр. Естеріңізге сала кетейік, қарымта ойын 17 шілдеде Клужа қаласында өтпек.

Авторлары: Индира Жатпешова, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы