384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Уимблдон» турнирінің финалистері анықталды

  • 338
  • UPD: 12:30, 12.07.2019
«Уимблдон» турнирінің финалистері анықталды xsport.ua

Лондонда «Уимблдон» турнирінің финалистері анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйелдер арасындағы жекелей сынның финалында Симона Халеп мен Серена Уильямс кездеседі. Румыниялық теннисші жартылай финалда украиналық Элина Свитолинадан басым түсті. Есеп: 6:1, 6:3. Халеп «Уимблдонның» шешуші кезеңіне алғаш рет шықты. Ұтыс қоры 49 млн долларды құрайтын турнирдің финалына Серена Уильямс 11-ші рет жолдама алды. Үлкен шлем жарыстарында 23 мәрте топ жарған Америкалық теннисші кезекті жүлдесіне жақындады. Уильямс жартылай финалда чехиялық Барбара Стрыцовадан айласын асырды. Есеп: 6:1, 6:2. Бүгін «Уимблдонда» ерлер арасындағы жартылай финалдық ойындар өтеді.

 

Валентина Сдержикова халықаралық турнирде жеңіске жетті

Қазақстандық Валентина Сдержикова шаңғымен тұғырдан секіруден Щучинскіде өтіп жатқан халықаралық турнирде жеңіске жетті. Жерлесіміз К-95 трамплинінде топ жарды. Халықаралық шаңғы спорты федерациясының кубогы мен құрлықтық жарыс Щучинскіде алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл сайыстар әлем кубогына іріктеу турнирі саналады.

 

Қазақстандық командалар Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңін жеңіспен бастады

«Ордабасы» Шымкентте Грузияның «Торпедосын» қабылдап, 1:0 есебімен басым түсті. Жалғыз голды 68-ші минутта қорғаушы Темірлан Ерланов соқты. «Ордабасы» мен «Торпедо» арасындағы қарымта кездесу 18 шілдеде Кутаиси қаласында өтеді. «Қайрат» сырт алаңда Боснияның «Широки Бриег» командасын 2:1 есебімен ұтты. Алматы командасы сапынан шабуылшы Адеринсола Эсеола мергендік танытып, қос голды еншісіне жазды. Қарымта ойын 18 шілдеде Алматыда өтеді.

 

Марко Арнаутович, «Шанхай Теллэйс» командасына ауысты

«Вест Хэм» шабуылшысы Марко Арнаутович «Шанхай Теллэйс» командасына ауысты. 30 жастағы футболшыны Қытайлықтар 25 млн еуроға сатып алды. Шанхай қаласының клубында Бразилиялық ойыншылар Халк пен Оскар өнер көрсетеді. Арнаутович өткен маусымда ағылшын премьер-лигасында 28 матчқа қатысып, 10 доп соқты және 4 нәтижелі пасымен көзге түсті. Шабуылшы жаңа командасы сапындағы алғашқы ойынын 17 шілде күні өткізуі мүмкін. «Шанхай Теллэйс» «Хэбей Фортунаны» қабылдайды. Марко жаңа командасында жетінші нөмірлі жейдемен ойнайды. Қазір Шанхайлықтар Қытай суперлигасында екінші орында келеді. Команданы португалиялық маман Витор Перейра жаттықтырады.

«Тур де Франс» көпкүндігінің 6-шы кезеңінен кейін жалпы есептегі көшбасы ауысты. Бұған дейін «сары жейдені» киген француз Жулиан Алафилипп екінші орынға сырғыды. Топ басына италиялық Джулио Чикконе шықты. 160 шақырымдық алтыншы кезеңде бельгиялық Дилан Тенс жеңіске жетті. «Сары жейдені» еншілеген Чикконе екінші болып мәре сызығын қиды. «Астана» капитаны Якоб Фульсанг тоғызыншы болып келді. Жалпы есепте даниялық велоспортшы 11-ші орынға көтерілді. Фульсанг көшбасшыдан 1 минут 19 секунд ұтылып тұр. Қазақстандық Алексей Луценко 24-ші орынға жайғасты.

Хабар 24 телеарнасы