384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Алматы Аренада» Денис Тенді еске алуға арналған мұздағы шоу өтеді

  • 193
  • UPD: 23:38, 12.07.2019

20 шілдеде Алматыда Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, атақты спортшы Денис Тенді еске алуға арналған мұздағы шоу өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Алматы Арена» мұз айдынында әлемнің мықты мәнерлеп сырғанаушылары жиналады. Олардың әрқайсысы бір кездері Денистің бағдарламасында болған композицияларды көрсетеді. Екінші бөлімде мәнерлеп сырғанаушылар бұрынғыша оркестрдің сүйемелдеуімен мұз айдынына шығады.

«Денистің достары» шоуы әсерлі әрі әдемі болары анық. 20 шілдеде «Алматы Аренада» қайталанбас көріністердің, мұз үстіндегі акробатикалық трюктер мен әуеде қалықтаған гимнастардың өнеріне тәнті боласыздар. Мәнерлеп сырғанаудың хас шеберлері Алматыға арнайы келіп, Денис Теннің бастамасын жалғастырмақ.

Елена Радионова, жастар арасында мәнерлеп сырғанаудан екі дүркін әлем чемпионы:

– Қазақстанға, осы шоуға келген сайын керемет әсер аламын. Құдды бір өз үйіме келгендей сезінемін. Ол өте сауатты, зиялы жігіт еді. Денис секілді адамдар жер бетінде өте сирек қой. Мәнерлеп сырғанау әлемінде тіпті жоқ десек болады.

Алғаш рет Денис Теннің мұздағы шоуын көрермендер 2013 жылы тамашалаған болатын. Шоу ұйымдастыру жағынан сапалы еді. Бұрын мәнерлеп сырғанаушылар әр көріністің алдында өзі туралы айтса, бұл жолы спортшылар достары Денис туралы сыр шертеді.

Сергей Воронов, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері:

– Денис маған жарыс алдында бағдарламамды қойып берді. Өте көп көмектесті. Оған деген алғысым шексіз. Мен Алматы мен Астанада 4-5 күн ғана болдым. Өзі шоуға дайындалып жатыр екен. Уақытының тығыздығына қарамастан маған бағдарлама қоюға көмектесті. Бұл оның адами қасиеттерінің жоғары екенін білдіреді.

Денис Тен жан-жақты спортшы еді. Жаттығудан тыс уақытта фильмдердің сценарийін жазып жүреді екен. Бірақ көзі тірісінде оны жүзеге асыра алмады. Денистің ол арманын әйгілі режиссер Тимур Бекмамбетов биыл жарыққа шығарамын деп мәлімдеген еді.

Айтпақшы, 20 шілде күні «Алматы Аренада» мұздағы шоудың барлық қонақтарына Денис Теннің өлеңдер жинағы сыйға тартылады.  

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Анастасия Вылегжанина, Дана Нұржанова

Хабар 24 телеарнасы