389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Новак Джокович «Уимблдонда» бесінші рет топ жарды

  • 449
  • UPD: 15:14, 15.07.2019
Новак Джокович «Уимблдонда» бесінші рет топ жарды Sportbox

Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында су спортынан әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ватерполдан Қазақстанның әйелдер құрамасы алғашқы кездесуін Кубамен өткізіп, 9:6 есебімен жеңіске жетті. Ертең жерлестеріміз Испаниямен ойнайды.

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 18-тур ойындары өтті. «Жетісу» «Ертісті» қабылдап, Павлодар командасының қақпасына жауапсыз төрт доп соқты. «Ақтөбе» «Шахтермен» тең түсті. Есеп – 2:2. «Оқжетпес» 3:1 нәтижесімен «Таразды» жеңді. «Қайрат» Алматыда «Қайсардың» осал тұсын тапты. Есеп – 5:1. «Ордабасы» – «Тобыл» арасында есеп ашылған жоқ. 18-турдан кейін 39 ұпаймен «Тобыл» топ бастады. Бір ұпайы кем «Астана» екінші тұр. Үздік үштікте «Қайрат» келеді. Алматылықтар 35 ұпай жинады. Сосын «Ордабасы» мен «Қайсар» жайғасты. Алғашқы алтылықтың қатарында «Жетісу» бар. Төменгі қатарда өзгеріс жоқ. Тек «Тараз» 11-орынға сырғыды. «Ақтөбе» минустан шығып, алғашқы ұпайын еншіледі.

«Тур де Франс» көпкүндігі

«Тур де Франс» көпкүндігінің тоғызыншы кезеңі артта қалды. 170 шақырымдық сайыс жалпы есепке өзгеріс енгізген жоқ. Жеңімпаз спринтерлік сында анықталды. Оңтүстік Африка Республикасының велоспортшысы Дэрил Импи мәреге таяған тұста бельгиялық Тиш Беноттан озып, кезең жеңімпазы атанды. Үздік үштіктің қатарында словениялық Ян Тратник бар. Якоб Фульсанг бастаған астаналықтар негізгі топпен бірге келіп, 16 минуттан кейін кезеңді аяқтады. Жалпы есепте француз Жулиан Алафилипп топ бастады. Италиялық Джулио Чикконе екінші орында тұр. Францияның тағы бір өкілі Тибо Пино үздік үштіктің қатарында келеді. «Астана» капитаны Якоб Фульсанг «сары жейденің» иесінен 1 минут 42 секунд ұтылып, тоғызыншы орынға жайғасты.

Бүгін велоспортшылар 217 шақырымдық оныншы кезеңде бақ сынайды.  

«Уимблдонда» Новак Джокович топ жарды

Әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович бесінші мәрте «Уимблдонда» топ жарды. Финалда Роджер Федерермен кортқа шыққан серб жігіті бес партияға созылған кездесуді өз пайдасына шешті. Есеп – 7:6, 1:6, 7:6, 4:6, 13:12. Екі мықтының ойыны бес сағатқа созылды. Джокович турнир тарихында шешуші тай-брейкте жеңіске жеткен алғашқы спортшы атанды. Новак «Уимблдондағы» жүлдесі жөнінен Бьорн Боргпен теңесіп, бұл көрсеткіш жөнінен үшінші орынға жайғасты. Оның алдында Пит Сампрас пен Роджер Федерер тұр.

32 жастағы теннисші спорттық мансабында «Үлкен дулыға» жарыстарындағы 16-жүлдесін еншіледі. Әйелдер арасындағы жекелей сында Симона Халеп жеңіске жетті. Румын қызы финалда америкалық Серена Уильямстан басым түсті. 

 

Хабар 24 телеарнасы