386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Денистің достары»: канадалық жұп Д.Құдайбергеннің орындауындағы әннің сүйемелдеуімен шығады

  • 150
  • UPD: 23:56, 18.07.2019

Мәнерлеп сырғанаудан әлемге танымал спортшылар Алматыға келіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олар қазір «Денистің достары» кеші өтетін мұз алаңында дайындық өткізіп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кеш ерекше әсерлі болмақ. Көрермендер акробатикалық нөмірлер мен гимнастардың әуеде де қалықтағанын көретін болады. Думанды кешке қатысатын спортшылардың барлығы бір кездері Дениспен бірге мұз айдынында өнер көрсеткен.   

«Алматы Аренада» үлкен шоу алдындағы соңғы дайындық. Спортшылар Денистің орындауындағы әннің ырғағымен билеп жүр. 20 шілде күні болатын думанды кешті әлемге танымал мәнерлеп сырғанаушылар топ болып билеп ашады. «Оны қою өте қиын», – дейді шоудың қоюшы режиссері Игорь Бобрин және хореограф Наталья Бестемьянова.

Бұл жұптың Алматыға келуі де тегін емес. Кезінде олар Денисті алғаш рет Оңтүстік Кореядағы гастрольдік сапарға шақырған.

Игорь Бобрин, қоюшы-режиссер:

– Бұл әдеттегідей танымал спортшыны еске алу кеші болмайды. Керісінше, мұнда бәрі көтеріңкі көңілге лайықталып жатыр. Өйткені Денис жанкүйерлерінің есінде сүйкімді, өмірге құштар, ашық-жарқын келбетімен есте қалды. Сондықтан мұз айдынындағы кеште сол көріністі бергіміз келеді.

Бұл думанды шоудың тағы бір құрметті қонақтарының бірі – канадалық жұп Кейтлин Уивер мен Эндрю Поже. «Денистің достары» шоуында олар ұлтымыздың мақтанышы Димаш Құдайбергеннің әйгілі «S.O.S. d'un terrain» әнінің сүйемелдеуімен шығады. Дәл осы бағдарламамен Денис халықаралық жарыста өнер көрсеткен еді.

Кейтлин Уивер, канадалық спортшы:

– Менің білуімше, Денис – дарынды азамат. Ол жан-жақты еді. Мәнерлеп сырғанау оның өмірінің тек бір бөлшегі ғана. Ол музыка жазатын, өлең шығаратын, сценарий де жазған. 

«Алматы Аренада» өтетін «Денистің достары» мұз айдынындағы шоуы бұл тек қазақстандық мәнерлеп сырғанаушыны еске алу кеші ғана емес. Бұл – Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің әлемдік мәнерлеп сырғанау өнеріне қосқан үлесін паш ететін алаң», – дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Алуа Маханбет, Анастасия Вылегжанина, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы