387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жеткіншектер арасында мәнерлеп сырғанау спортына қызығушылар көбейіп келеді

  • 216
  • UPD: 11:37, 24.07.2019

Мәнерлеп сырғанау – әлемдегі элиталық спорттың бірі.

Мұз үстінде өрнек салатындар сайысы қашанда жұрт назарын өзіне аударады.

Асқан ептілік пен ерік-жігерді талап ететін спортта шын шеберлер ғана жетістікке жетеді. Соңғы жылдары мәнерлеп сырғанау елімізде де қанат жая бастады. Халықаралық ареналарда Қазақстанның аты жиі аталып жүр.

Жерлесіміз Денис Теннің қысқы олимпиада ойындары мен әлем чемпионатындағы жетістіктері талай жеткіншектің қиялына қанат бітіргені анық. Бүгінде Теннің жолын жалғастыратын жасөспірімдер өсіп келеді. 

10 жастағы Алтынай Нұрсейіт бес жылдан бері мәнерлеп сырғанаумен айналысады. Қаршадай қыздың осы бір спортты таңдауына Денис Тенмен жүздесуі түрткі болыпты. Атақты спортшымен кездесу Алтынай секілді талай бүлдіршіннің арманына қанат бітірді. Мәнерлеп сырғанауды қалайтын жеткіншектер елордада да көп. Жыл сайын баласын жетектеген ата-аналар үйірмелер іздеп, сабылады. Арнайы спорт мектептерінен бөлек, жеке үйірмелер де ашыла бастады. Соның бірі «Сарыарқа» велотрегіндегі олимпиадалық даярлау орталығында құрылды.

Нұрлан Жүсіпов, «велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығының» бөлім басшысы:

– Қазір бізде үш топ жаттығуларын өткізеді. Өздерінің қабілеттеріне қарай үш топқа бөлінген. Бастауыш, одан әрі жаттықтырушы қарап, қабілеті жоғары болса, келесі топқа өткізеді және де үшінші топқа өткізеді. Жалпы саны қазір бізде орташа есеппен дайындалатын 45 тәлімгер бар. 

Үш жыл бұрын ашылған үйірмеде мәнерлеп сырғанауға барлық жағдай жасалған. Жабық кешендегі мұз айдыны жыл он екі ай бір температураны ұстап тұрады. Сондықтан балалар кез-келген уақытта машықтана алады. Мұнда мұз айдынынан бөлек, хореографиялық залдар да бар. Жеткіншектерді мәнерлеп сырғанаудағы қазіргі жұлдыз Элизабет Тұрсынбаеваның туған ағасы Тимур Тұрсынбаев жаттықтырады. Жарақатына байланысты спортпен қош айтысқан ол енді өз білгенін балаларға үйретіп жүр.  

Тимур Тұрсынбаев, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы:

– Былтыр Қызылордадағы республикалық турнирде бір қызымыз бірінші орын алды. Жалпы талантты жеткіншектер көп. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беру керек. Негізінен жаттығу барысына мән береміз. Ең бастысы балаларға мәнерлеп сырғанаудың техникасын үйретеміз.

Ашылғанына небәрі үш жыл болған орталық шәкірттерінің алды республикалық жарыстарда көзге түсе бастады. Ендігі меже – халықаралық арена - дейді жаттықтырушылар. Ерінбей еңбек етсе, бұл балалардың арасынан да Денис Теннің жеңісті жолын жалғастырар жастар өсіп шығары анық.

Авторлары: Қанат Базылхан, Әнуар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы