386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар Босфор бұғазын жүзіп өтті

  • 215
  • UPD: 17:31, 22.07.2019

Ыстамбұлда жүзу бойынша отыз бірінші Босфор құрлықаралық жарысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған әлемнің 59 мемлекетінен 2400-ден астам спортшы қатысып, Жерорта теңізінің жағалауына малтып жетті. Аталмыш жарыста еліміздің алпысқа жуық жүзушісі кәсіпқойлар мен әуесқойлар категориясы бойынша бақ сынады.

Сағатына жүздеген паром мен кемелер өтетін Босфор бұғазындағы көлік қозғалысы кеше бірнеше сағатқа жабылды. Себебі Қара және Мәрмәр теңізін жалғастыратын су айдынында дәстүрлі Босфор құрлықаралық жарысы өтті. Биыл 31-рет ұйымдастырылған додаға қатысушылар қарасы қалың. Солардың арасында қазақ елінің өкілдері де бар.

Азамат Қаптағаев, Босфор бұғазын жүзіп өтуші:

– Босфордағы бірінші жарысым. Осындай жарысқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Бәрі жақсы өтті. Аяғында қиындықтар болды. Бірақ ол қиыншылықтарды өтіп, Gross Continental жүзушілерінің арасында мен де қатысып, атымды жазғаныма қуаныштымын.

Ернұр Сайлаубек, Босфор бұғазын жүзіп өтуші:

– Қазақстаннан осы жарысқа 58 адам келді. Олардың арасында мен және оқушыларым бар. Біздің басты мақсатымыз мәреге жету болды.

Халықаралық жарыстың талабы да күшті, тәртібі де қиын. Спортшылар 6 жарым шақырымды жүзіп өтуі тиіс. Бірақ бұл қашықтық қатысушылардың суда жүзуіне кедергі емес. Кедергі - бұғаздың аумағында судың екі түрлі ағысы. Бәсекеде бақ сынағандар  көк айдынның асау ағысына төтеп беруі тиіс. Бағыттан жаңылмай жүзудің өзі үлкен ерлік. Оның үстіне топ жару мақсаты тағы бар. Ағысқа шыдап жүзгендер ғана жеңіске жетеді.

Ахмет Теккишин, Босфор бұғазын жүзіп өтуші:

- 7 жылдан бері Босфордағы жүзу жарысына қатысып келемін. Бұл текті шаралар спорттың дамуына елеулі үлес қосумен қатар, елдің имиджіне де оң әсер ететіні анық. Өзім 56 жасынан бастап, жүзу бойынша жарыстарға белсене қатыса бастадым. Алайда, бүгін жарыс қиын болып, 10-орынды иемдендім.

Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрге айналған жарысқа қатысушылардың жас мөлшері де әр шамада. Бірі 14-те болса, ең үлкені 90-ға таяп қалған. Биылғы доданың нәтижесіне келсек, әйелдер арасында Илгин Челик чемпион атанды, ерлер арасында Мелихшах Дүген мәреге бірінші болып жетті.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы