384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сәбит Жүсіпов UFC алаңына шығуы мүмкін

  • 373
  • UPD: 13:35, 26.07.2019

Дмитрий Баландин қос қашықтық бойынша әлем чемпионатының финалына шықты.

Дүниежүзілік дода дәл қазір Корея елінде өтіп жатыр. Жерлесіміз 200 және 100 метрге брасс әдісімен жүзу бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Енді бірер күнде шешуші сындарға қатысады.

Айта кетейік, дәл осы чемпионатта Токио олимпиадасының жолдамалары да сарапқа салынады.                             

«Тур де Франс» көпкүндігі

Қазақстандық клуб мүшесі мәре сызығын үшінші болып кесті. Францияның таулы-қыратты аймақтарында әлем үздіктерінің аламаны жалғасып жатыр. «Тур де  Франстың» кезекті жарыс күні қатысушылар 208 шақырымды жүріп өткен еді. Араларынан «Астана» сапындағы Алексей Луценко тәуір нәтиже көрсетіп, алдыңғы үштікті түйіндеді. Соның арқасында жалпы есепте 26-орыннан 22-сатыға көтерілді. Кезең жеңімпазы колумбиялық Наиро Кинтана атанды. Ол жерлесімізден 2 минут 28 секунд бұрын жетті.

Айта кетейік, «Тур де Франстың» аяқталуына енді 3 кезең ғана қалды және осы аралықта қазақстандық клуб мүшелері жалпы есепте топ жара алмасы анық. «Бірақ кезең жеңімпазы атануға мүмкіндік бар және оны толық пайдалануға тырысамыз», – дейді клуб басшылығы.

Жерлесіміз UFC алаңына шыға ала ма?

Сәбит Жүсіпов жақын болашақта UFC төрінен табылуы мүмкін. Бұл жөнінде оның бапкері бізге берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді. Диас Ғаниұлының айтуынша, қазақстандық спортшы физикалық және психологиялық тұрғыда әбден пісіп, аралас жекпе-жек аламанының алаңына шығуға дайын тұр. Осы мақсатта қазір қызу келіссөздер жүріп жатыр.

Айта кетейік, Сәбит осыған дейін 10-ға жуық кәсіпқой жекпе-жек өткізіп, өз мықтылығын дәлелдеп үлгерді. Енді келіссөздер сәтті аяқталса, алдағы жарты жыл көлемінде жерлесімізді төрткүл дүние көз тіккен алаңнан көреміз және ол UFC-ға қадам басқан алғашқы қазақстандық спортшы болмақ.

Диас Ғаниұлы, жаттықтырушы:

– Сәбит – панкратион, самбо, у-шу санда және қойын-қолтық ұрыс бойынша бірнеше дүркін ел чемпионы. Халықаралық  аламандардан да жүлде алып жүр. Аралас жекпе-жек алаңына да шыққан. Бағынбай тұрғаны осы UFC ғана. Қазір жан-жақты еңбектеніп жатырмыз және алдағы айларда жағымды жаңалық болып қалады деген үміттеміз.

Ширек финалдағы қарсыластар анықталды

Германияның Гамбург қаласында ерлер арасындағы теннис турнирі жалғасып жатыр. Күні кеше ширек финалда сынға түсетін барлық қарсылас анықталды. Ең соңғы болып үздік сегіздікке жергілікті Александр Зверев ілігіп үлгерді. Ол екінші айналымда аргентиналық Федерико Дельбониспен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. 1 сағат 46 минутқа созылған ойын 6:4, 7:6 есебімен аяқталды. Енді Зверев ширек финалда сербиялық Филип Крайиновичпен жолығады.

Айта кетейік, Германияның ашық чемпионаты жылдағы дәстүр бойынша ең үздік деген 32 теннисшіні жинады. Олар 28 шілдеге дейін өзара мықтыны анықтайды. Ал жарыстың жалпы жүлде қоры 1,7 млн еуроны құрайды

«Арсенал» жаңа ойыншымен толықты

«Арсенал» футбол клубы жаңа ойыншымен толықты. Бұл жолы испаниялық Даниель Себальос ағылшын футбол клубында өнер көрсетуді жөн көрді. 22 жастағы футболшы бұған дейін мадридтік «Реал» сапында 34 матчқа қатысқан еді. Осы аралықта 3 гол соғып, 2 нәтижелі пас берді. Енді жартылай қорғаушы келісім бойынша «Арсенал» қатарында алдағы жылдың ХХХ маусымына дейін ойнайды.

Хабар 24 телеарнасы