386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Томас Бах Токиодағы Олимпиада ойындарына салтанатты түрде шақырды

  • 135
  • UPD: 17:59, 26.07.2019
Томас Бах Токиодағы Олимпиада ойындарына салтанатты түрде шақырды

Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах «Токиоға дейін бір жыл» салтанатты жиынында барлық олимпиадашыларды Токиодағы Олимпиада ойындарына шақырды.

Салтанатты іс-шарада Бах мырза Грекия, Қытай, Франция, АҚШ, Сенегал, Австралия, Жапония ҰОК басшыларына және босқындардан жасақталған Олимпиадалық құрама жетекшісіне шақырту ұсынды. Шақырту алғандар қатарында Олимпиада ойындары алғаш рет ұйымдастырылған ел және алдағы уақытта ірі спорттық бәсекелерді қабылдайтын мемлекеттер бар. 

«Бір жылдан Жапония тарихқа енеді. Төртжылдық додасы Токионың бүкіл әлемге жапонның бай тарихын, дәстүрін, озық инновациясын, қонақжайлығы мен спортқа деген махаббатын паш етуге берілген мүмкіндік. Ұйымдастыру комитетінің мінсіз жұмысының арқасында Олимпиадаға дайындық жоғары деңгейде өтуде. Бізді көптеген жаңашылдықтар күтіп тұр. Біз сол сәтті асыға күтеміз! Мен Олимпиадаға бір жыл уақыт қалғанда осындай дайындық жүргізген ешбір қаланы осыған дейін көрмедім», - деді Бах. 

Бүгінге дейін Олимпиада ойындарына 3,2 миллион билет сатылып кетті. Ал 200 мыңнан аса адам ерікті болуға өтініш білдірген. 

«Токиоға дейін бір жыл» салтанатты жиыны Токиодағы халықаралық форум аясында өтті. Жиынға Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ, ХОК президенті Томас Бах, Токио қаласының губернаторы Юрико Койке және өзге де лауазымды тұлғалар қатысты.

Хабар 24 телеарнасы