386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропа лигасы: Бүгін «Астана» – «Санта-Колома» матчы өтеді

  • 354
  • UPD: 10:43, 01.08.2019
Еуропа лигасы: Бүгін «Астана» – «Санта-Колома» матчы өтеді

Бүгін қазақстандық командалар Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчтарын өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қайрат»Алматыда Израильдің «Хапоэль Беэр-Шева» клубын қабылдаса, «Ордабасы» Шымкентте Чехияның «Млада-Болеслав» командасын күтеді. «Астана» Андорраның «Санта-Коломасымен» алаңға шығады.

«Астана» Еуропа лигасының үшінші кезеңіне шығуы тиіс. Соңғы үш маусымнан бері Еурокубок додаларының негізгі тобында ойнап жүрген команданың деңгейі Андорра чемпиондарынан әлдеқайда жоғары. Алайда «Санта-Колома» футболшылары өз алаңында лайықты қарсылық көрсетіп, матч 0:0 есебімен аяқталды. Бүгін «Астана» апта бұрын кеткен есені қайтаруға ұмтылады. Бас бапкер Роман Григорчук команданың қазіргі ойынына риза екенін айтып, алғашқы кезедсумен салыстырғанда, негізгі құрамда өзгерістерін болатынын жеткізді. Сонымен қатар, Андорра командасынан құрметпен қарайтынын әрі олардың да өз елінің чемпионы екенін тілге тиек етті. «Астана» мен «Санта-Колома» кездесуі кешкі сегізде басталады. Егер елорда футболшылары жеңіске жетсе, Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Мальтаның «Валлетта» командасымен ойнайды.

Роман Григорчук, «Астана» ФК бас бапкері:

- Негізгі құрамда алаңға шығатын ойыншылар тізімінде өзгеріс болады. Бірақ кімдердің ойынды бастайтынын айта алмаймын. Ол туралы әлі бір шешімге келген жоқпын. Соңғы жаттығуда байқаймыз, футболшылармен жеке сөйлесемін. Қазір Қазақстан премьер-лигасында бірінші орынға көтерілдік. Бұл ойыншыларға психологиялық тұрғыда жақсы әсер етуі тиіс. Жігіттер кездесуді жақсы көңіл-күймен бастайды.

 

«Реал» футболшысы Гарет Бэйлдің мәселесі әлі шешілген жоқ

Гарет Бэйлдің мәселесі биылғы жаздадағы трансфердің басты тақырыбы болды. «Реал» футболшысы жаңа маусымды қайда бастайтыны белгісіз. Жартылай қорғаушы командасымен бірге Германиядағы халықаралық турнирге барған жоқ. «Реал» Мюнхен қаласындағы Audi Cup турнирінде үшінші орын алды. Зидан шәкірттері «Фенербахчеден» 5:3 есебімен басым түсті. Бэйлдің жағдайы футболшыны ғана емес, бас бапкердің де бас ауруына айналған секілді. Зидан да Гареттің мәселесі тезірек шешілгенін қалайды. Бұған дейін Уэльс құрамасының ойыншысы Қытайдың «Цзянсу Сунин» командасына ауысатыны белгілі болған еді. Бірақ Мадрид клубының президенті Флорентино Перес бұл келісімге қарсылық танытты. Сосын Бэйл жолдастық ойындарға қатысудан бас тартып, Мадридке оралды.

 

Футболдан әйелдер арасындағы әлем кубогына 32 құрама қатысатын болды

Халлықаралық футбол федерациясы әйелдер арасындағы әлем кубогына қатысатын құрамалар санын 32-ге көбейтті. Бұл өзгеріс 2023 жылғы біріншілікте күшіне енеді. Бұған дейінгі чемпионаттарда 24 елдің командасы ойнады. Соңғы жылдары әйелдер арасындағы футболға деген қызығушылық артып келеді. 1991 жылы әлем кубогына 12 құрама қатысса, қазір олардың саны екі есе өсті. Биыл Францияда өткен доп додасында АҚШ қыздары топ жарды. Олар әлем чемпионатында төртінші мәрте жеңіске жетті.

Хабар 24 телеарнасы