386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шавкат Рахмонов UFC аясындағы жекпе-жегін биыл өткізеді

  • 209
  • UPD: 14:41, 01.08.2019
Шавкат Рахмонов UFC аясындағы жекпе-жегін биыл өткізеді

Аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов қазақстандық спортшылар арасынан алғашқы болып UFC ұйымымен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық жұдырықты жігіттер бұрын-соңды мұндай дәрежеге жеткен жоқ. Сондықтан Рахмоновтың жетістігі қазақстандық аралас жекпе-жек тарихындағы айтулы оқиға. Қазір Шавкат Көкшетау қаласында дайындығын пысықтап жатыр. UFC аясындағы алғашқы жекпе-жегі келісімшарт бойынша қараша-желтоқсан айларында өтуі тиіс.

Шавкат Рахмонов аралас жекпе-жекте 12 кездесу өткізіп, барлығын да уақытынан бұрын аяқтаған саңлақ. Қазақстандық спортшы М-1 Global тұжырымында қарсылас шақ келтірмей жүр. Қазақстандық жігіттің өнерін UFC ұйымының өкілдері ұзақ уақыт назарда ұстап, жарты жыл бұрын келісімшарт ұсыныпты.

Асылбек Дүйсенов, Қазақстан ММА федерациясының вице-президенті 

Шавкатқа жылдың басында UFC-ден ұсыныс түсті. Оны Чехия мен Санкт-Петербургтегі жарыстарға қатысуға шақырды. Бірақ біздің М-1 ұйымымен келісімшартымыз бар еді. Сондықтан осы ұйым аясындағы сайыстарға қатысып, алтын белбеуді ұтып алуды көздедік. Басқа лигаға өтуді кейінге қалдырдық.

Рахмоновтың UFC аясындағы алғашқы жекпе-жегі биылғы жылдың қараша-желтоқсан айларында өтеді. Қазақстандық спортшы Мәскеу немесе Оңтүстік Кореядағы турнирлердің бірінше 77 келі салмақта сайысқа түседі. Америкалық ұйыммен келісім бір жарым жылға жасалды. Осы уақытта ол төрт жекпе-жекке шығады. Егер Рахмонов қарсыластарынан басым түссе, келісімшарт мерзімі ұзарып, деңгейі жоғары спортшылармен төбелесуге мүмкіндік туады. Алатын табысы да М-1 Global лигасынан кем болмайды. Қазір Шавқат Көкшетауда бір айлық демалыста жүр.

Шавқат Рахмонов, аралас жекпе-жек шебері:

- Әрине, мұндай ұйыммен келісімшартқа отырғаныма қуаныштымын. UFC-ге түскен алғашқы қазақстандық спортшы атандым. Енді өз жеңістеріммен жанкүйерлерді қуантсам деймін. Осы белеске шығу үшін алты жыл тынбай тер төктім. Уақыты келгенде UFC-ге өтетініме сендім. Бәрі жоспар бойынша келе жатыр.

Шавқат Рахмоновтың UFC-дегі алғашқы қарсыласы турнирдің басталуына сегіз апта қалғанда белгілі болады. Оған дейін ол бапкерімен бірге АҚШ-та оқу-жаттығу жиындарын өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Қанат Базылхан, Азамат Амангелдіұлы, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы