Қостанай облысындағы Көкалат ауылын чемпиондар мекені десе де болады.
Елді мекен балғындары әсіресе пауэрлифтингтен облыстық, республикалық деңгейде топ жарып жүр. Шағын ғана ауылда жоқтан бар жасап, балғындарды осы cпорт түріне баулып жүрген ардагер ұстаз Мәлік Баймағанбетов. Жасы жетпістен асса да, спорттан қол үзген жоқ. Жақында зілтемір көтеруден Қазақстан чемпионы атанды. Қолдан құрастырлыған құралдарымен-ақ 2 спорт шеберлігіне үміткер, 20-ға жуық түрлі разрядты спортшыны дайындап шығарды. Қазірде жұпыны ғана жаттығу бөлмесі ауыл балаларынан босамайды. Тәжірибелі тәлімгерге арнайы орынның жоқтығы да кедергі емес.
Мәлік Баймағанбетов, ардагер спортшы:
– Мұның бәрін жуып, тазарту өз күшімізбен. Ғимарат есігі ашық, терезелері жөнделмеген, боранды күндері құмға толып қалады. Осыны айтып, әкімге дейін шыққан азаматтың бірімін. 70-тегі шалға не керек дейді, бірақ мен оны қоймаймын.