386,66 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропа лигасы: «Астана» плей-оффқа шықты

  • 82
  • UPD: 11:02, 16.08.2019

Қазақстандық спортшылар халықаралық және құрлықтық додаларда сынға түсіп жатыр.

Ал «Астана» футбол клубы Еуропа лигасы аясындағы кезекті матчын өткізді.

«Астана» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңіне бір табан жақындай түсті. Қазақстандық клуб іріктеу кезеңі аясында мальталық «Валлетта» клубымен жолыққан болатын. Қарымта матч сырт алаңда өтті және «Астананың» айқын басымдығымен аяқталды.

Кездесу барысында Роман Муртазаев пен Марин Томасов қос голдан соғып, қорытынды есепті 0:4-ке жеткізді. Ал қос ойын нәтижесінде 9:1 есебі тіркеліп отыр. Осылайша Роман Григорчук баптайтын жігіттер енді Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде Беларусь елінің БАТЭ-сімен жолығады. Алғашқы матч 22 тамызда елордада өтеді.

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты

Германияда велотректен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге еліміз атынан 11 спортшы аттанған еді. Олимпиадалық даярлау орталығының шәкірттері тректегі барлық  сайыс бойынша сынға түседі. Жарыстың алғашқы күндері  жерлестеріміз жүлдеге іліге алмады. Әзірге тек Австралия, Қытай және Үндістан спортшыларында бір-бір алтыннан бар. Жүлдегерлер тұғырына жергілікті және польшалық шабандоздар да көтерілді. Қалған медальдар жиынтығы бүгін сарапқа салынады. Ал жарыстың жалпы қорытындысы 19 тамызда белгілі болады.

Айта кетейік, өткен әлем чемпионатында қазақстандық Андрей Чугай қола жүлдегер атанған еді. Енді биылғы көрсеткіш осыдан төмен болмауы керек деген мақсат тұр ұлттық құрама алдында.

Хабар 24 телеарнасы