386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Токио-2020: Ұлттық құрама 30 спорт түрі бойынша сынға түседі

  • 91
  • UPD: 11:14, 16.08.2019

Токио Олимпиадасының басталуына жылға жетер-жетпес қана уақыт қалды және әлем спортшылары қазір жолдама алудың қамымен жанталасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, ұлттық құрама алдында осы аралықта жүзден аса лицензия алу мақсаты тұр. Әзірге жоспар шамамен 10%-ке ғана орындалды.

Дәл қазір біздің қыз-жігіттер қолында Олимпиаданың 10 жолдамасы бар. Атап-айтқанда, жеңіл атлетикадан Георгий Шейко, веложарыстан Евгений Гидич, жүзуден Дмитрий Баландин және ашық аспан астында жүзу бойынша Виталий Худяковтар жазғы ойындарға қатысу мүмкіндігін алды. Жуырда бұл тізімді садақ атудан командалық сынның лицензиясы толықтырды.

Айта кету керек, соңғысынан жерлестеріміз Сидей олимпиадасында ғана сынға түсіпті. Араға 20 жыл салып Ильфат Абдуллин, Санжар Мусаев және Денис Ганкиннен тұратын ұлттық құрама Токио ойындарының жолдамасын иемденді.

Денис Ганкин, садақ атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

Әлем чемпионатында топ жару оңай болған жоқ. Әсіресе, финалда олимпиада жүлдегері АҚШ құрамасымен жолықтық. Жігіттер табандылық танытып, 6:0 есебімен жеңіске жеттік. Енді осы қарқынмен алдағы жазғы ойындарға дайындалып жатырмыз.

Бұл үлкен көштің басы ғана. Қазақстан спортының негізгі саналатын бокс, күрес, дзюдо, ауыр және жеңіл атлетика бойынша іріктеулер енді басталады. Тіпті, кейбіреулері дәл қазір жүріп жатыр да. Ал, оларға жауапты федерация мен ұлттық олимпиадалық комитет дайындыққа қажетті барлық жағдайды жасадық дейді. Әсіресе, спорттық медицина мен спорттық ғылымның соңғы жетістікрін қолдануға ерекше көңіл бөлінген. Бұған қоса, шеттен мамандар тартып, шеберлікті шыңдауға күш салынып жатыр.

Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК спорт дирекциясының басшысы:

- Қазіргі таңда біз шетелдік тәжірибені де алып жатырмыз. Шетелдік мамандар 23 спорт түрінде тартылған. Оның бәрі қажет. Құрама командалар алдында тапсырмалар бар. Оны жақсы нәтижемен көрсетуіміз қажет.

Жерлестеріміз алдындағы негізгі тапсырма лицензия санын жүзден асыру. Яғни, биылғы көрсеткіш алдыңғыдан төмен болмау керек.

Айта кетейік, Рио Олимпидасына 104 жолдама жеңіп алып ек. Ал медальға қатысты «3-4 алтын болады», деп болжам айтады сарапшылар.

Рауан Оқас, спорт сарапшысы:

Мысалы, Риода жеңіске жеткен Баландин шетелде жеке дайындалып жүр. Баландин жетістігі арқасында тағы да өзге командаластарының нәтижесі жақсарғанын көрген шығарсыз. Сондықтан жүзудегі спортшылардан жақсы нәтиже күтеміз. Одан кейін бокс екі түрлі пікірлер айтылды. Болады, болмайды деген сияқты, кеше ғана шешілді. Токиода бокс болады. Боксшыларымыздың қарқыны қазіргі жақсы деп есептейміз. Дзюдодан да медаль алатын мүмкіндіктер бар.

Өткен Олимпиадада жерлестеріміз18 медаль жеңіп алды. Оның 3-еуі алтын. «Алдағы жазғы ойындарда осы көрсеткішті кемінде қайталау керек», - дейді мамандар. Қазақстандық спортшылар шамамен 30 спорт түрі бойынша сынға түседі деп күтіліп отыр.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ермек Кеншимбек

Хабар 24 телеарнасы